Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Қырғызстан түрмесінде қайтыс болған құқық қорғаушының өлімін тәуелсіз зерттеуге шақырды. 69 жастағы құқық қорғаушы Әзімжан Асқаров 25 шілдеде Бішкектегі түрме ауруханасында көз жұмған болатын. Билік өкілдері оның пневмониядан қайтыс болғанын айтты.
БҰҰ Адам құқығы жөніндегі жоғарғы бас комиссар басқармасының баспасөз хатшысы Элизабет Троссел 28 шілдеде Женевада журналистерге "оның өлімін шұғыл тексеру керек" деді. Тросселдің айтуынша, халықаралық құқыққа сәйкес оның отбасының өтемақы алуға құқығы бар.
Ұлты өзбек Әзімжан Асқаров Қырғызстанның оңтүстігіндегі 2010 жылдың маусымында болған ұлтаралық қақтығыс кезінде жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды және полицейдің қазасына қатысы бар деп айыпталған болатын. Қақтығыс кезінде 450-ден астам адам қаза тапқан, оның көбі өзбек ұлтынан. Ондаған мың адам елдің өзге аудандарына көшуге мәжбүр болған.
Асқаров өзіне қарсы істің саяси астары бар деп мәлімдеген. Сот оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Апелляциялық шағымының ешқайсысы сот шешімін өзгерте алмаған.