Covid пен пневмония дерегі біріккен соң 1 тамызда бір күнде 6407 науқас тіркелді
1 тамыз күні Қазақстанда ПТР тестімен расталған 1226, этиологиясы белгісіз бірақ диагнозы ауру белгілері бойынша анықталған 5181 жағдай тіркелді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Барлығы бір күнде 6407 коронавирус науқасы тіркелген.
Зертханалық талдаумен расталған коронавирус науқастары арасында бір күнде 36 адам қайтыс болса, пневмония диагнозымен 30 көз жұмған.
Денсаулық сақтау министрлігі осыған дейін 1 тамыздан бастап зертханалық талдау арқылы расталған коронавирус статистикасы мен ПТР тесті теріс нәтиже берген бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония статистикасын біріктіреміз деп мәлімдеген.
Бірақ бүгін белгілі болғандай, министрлік коронавирус жұқтырғандардың жалпы статистикасына тек ПТР тестімен расталған жағдайларды қосып, диагнозы клиникалық белгілері бойынша анықталған коронавирустық пневмония жағдайларын қоспайтын болды. Яғни ресми дерек бойынша коронавирус жұқтырған 90 367 науқастың қатары 6407 адамға (1226+6407) емес, тек 1226 адамға артқан. Үкіметтің ресми ақпарат көзі саналатын coronavirus2020.kz сайтындағы жалпы дерек осылай келтірілген.
Осы күнге дейін коронавирустың әлем елдері бойынша тарауын картаға түсіріп, нөмірлеп отырған Джонс Хопкинс университеті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және worlodometers.info сайты coronavirus2020.kz сайтындағы мәліметті негізге алып келген.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, қазір Қазақстан 91 593 расталған жағдаймен әлем елдері арасында 27-орында тұр. Егер кеше 1 тамыз күні тіркелген 5181 пневмония жағдайы да жалпы статистика қосылғанда, Қазақстан Египетті артқа тастап 26-орынға шығушы еді және бұл этиологиясы белгісіз вирустық пневмонияны коронавирус деп танудың бірінші күні ғана. Коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны бойынша көш басындағы 25 елдің тек онға жуығында ғана тәуліктік өсім 5 мыңнан асып отыр.
Коронавирус пен вирустық пневмонияның 17 шілдеден бастап бірге санап келе жатқан Қырғызстан коронавирустық пневмонияны жалпы статистикаға қосып отыр.
Қазақстанда жаз айларында өкпе қабынуы күрт артты. Министрліктің дерегінше, жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адам осы өкпе ауруына шалдыққан. Бұл өткен жылдың осы мерзімен салыстырғанда 3,3 есе жоғары көрсеткіш. Тек 1-8 шілде аралығындағы бір аптада 56 809 пневмония жағдайы тіркелген. Оның 39 702-сінде ПТР тесті теріс шыққанымен, ауру белгілері коронавирустікіне ұқсаған. Ал пневмонияға шалдыққан 234 мың жағдайдың ішінде коронавируске белгілері бойынша ұқсайтындарының үлесі қанша екені белгісіз. ДСМ пневмонияға шалдыққаны 1 тамызға дейін анықталғандардың ешқайсысы коронавирус статистикасына қосылмайды деді.