3 тамызда Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында пикет өткізген тұрғын Серік Әжібай 15 күнге қамалды. Ол Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоның "екі ел арасындағы әскери әріптестік" туралы айтқан мәлімдемесіне наразы болып, акцияға шыққан еді.
Сот қаулысында Әжібайдың консулдық алдында "заңсыз шара өткізгені", "полиция қызметкерлерінің талаптарын орындамағаны", "қарсылық ретінде қолдарын жіппен байлап, алқаға байлағаны" жазылған. Сот оны Әкімшілік кодекстің 488-бап 6-бөлімі бойынша кінәлі деп тапқан.
Әжібай өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Сот отырысы кезінде акция өткізу үшін рұқсат керек емес деп санайтынын, өз пікірін жеткізгісі келгенін айтқан. Істі судья Олжебаева қараған.
Пикет куәгері Байболат Күнболатұлының айтуынша, 3 тамызда Әжібайға телефонмен хабарласқан кезде 15 күнге қамалғанын айтып үлгерген. Сот шешімі қолына тимеген.
Видео: Тұрғын Қытай елшісінің әскер туралы сөзіне қарсы пикетке шықты. Полиция оны ұстап әкетті (3 тамыз 2020 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо жақында жергілікті басылымдардың біріне берген сұхбатында Қазақстан мен Қытай арасындағы әскери әріптестік туралы айтып, "екі елдің қарулы күштері "үш зұлымдықпен" (терроризм, экстремизм және сепаратизм) күресіп, аймақтағы "түрлі-түсті революция" жасауға қарсы шығады" деп мәлімдеген еді.
Қытай – Қазақстанға ең көп инвестиция құятын және ең көп қарыз беретін ел. Ал Қазақстан Қытай үшін негізгі шикізат көзі, тауарын өткізетін нарық. Қытай Қазақстан аумағы арқылы Еуропаға жүк тасымалдайды.
Былтыр күзде Қазақстан қалаларында наразылық акциялары өтіп, тұрғындар Пекиннің Қазақстан экономикасындағы рөлінің артуына алаңдаушылық білдірген. Олар сонымен бірге Шыңжаңдағы байырлы түркітілді топтардың (арасында қазақтар да бар) қысымға ұшырауын айыптаған. Көктем айларында қытайлық сайттардың бірінде "Қазақстан Қытай құрамына кіргісі келеді-мыс" деген мазмұнда мақала жарияланып, осыдан соң Нұр-Сұлтан Пекинге қарсылық нотасын жолдаған еді.