Түркіменстанның батысында Түркіменбашы қаласында жергілікті билік ұшақпен антисептик шашты. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады. Редакция бұл шараны коронавирус індетімен байланыстырады.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, елде мұсылмандар Құрбан айт мерекесін тойлап жатқан шақта антисептик шашылған. Үш күн тұрғындарға үйлерінен шығуға тыйым салынған. Азаттық тілшісінің сөзіне қарағанда залалсыздандыру шарасына мемлекеттік мекеме, бюджет қызметкерлері мен әскерилер ақша жинаған. Түркіменбашы қаласында 70 мыңнан астам адам тұрады. Бұл елдегі мұнай өңдейтін өнеркәсіп орталығы саналады.
Түркіменстан билігі коронавирус барын ресми түрде мойындаған жоқ. Алайда Азаттық тілшілері бұған дейін елдегі ауруханалардың толып кеткенін, пневмония белгісі бар науқастар мен вируспен байланысты адам өлімі көбейгенін жазған еді. Шілде айында елде ірі сауда орталықтары, базарлар, театрлар, саябақтар және қызмет көрсету кәсіпорындары жабылған. Жолаушылар және әуе қатынасы тоқтаған.
Шілде айының ортасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы билікті қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырған.
Оқи отырыңыз: Түркіменстан билігі халықтан қабірлер көзге түспейтіндей етіп жерлеуді талап етті