Сенбі, 8 тамыз күні Беларусьтегі президент сайлауына бір күн қалғанда Лукашенконың қарсыласы Светлана Тихановскаяның сайлау штабына жетекшілік етіп отырған Мария Мороз ұсталды.
МБХ-медиа басылымының хабарлауынша, дүйсенбіге белгіленген сот отырысына дейін милиция учаскесінде қамауда отыр.
Сол күні тағы бір оппозициялық кандидат Виктор Бабариконың сайлау штабын басқарып отырған Мария Колесникова да ұсталған. Бірақ оны кейіннен босатқан. Бабарико сайлауға бірнеше күн қалғанда қамауға алынған.
Колесникованы ұстаған соң жарты сағаттан кейін оны басқа біреумен «шатастырған» дейтін хабар тарады. МБХ-медиа басылымы оппозициялық кандидаттың баспасөз қызметіне сілтей отырып, милиционерлердің одан кешірім сұрағанын, содан кейін «кешкі асын ішіп отырған жеріне» апарып тастағанын жазды.
Шілденің ортасында Беларусьтің орталық сайлау комиссиясы оппозициялық саясаткерлер Виктор Бабарико мен Валерий Цепкалоны президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартты. Ел ішінде бұл екеуін қазіргі президент Александр Лукашенконың бас қарсыластарына балаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Маған қарсының бәрі шетел агенті". Лукашенко саяси қарсыластарын айыптады