АҚШ мемлекеттік департаменті Беларусьтегі президент сайлауының өту барысына алаңдап отырғанын жеткізіп, Минскіні азаматтардың құқықтарын бұзбауға үндеді.
"Үміткерлердің сайлауалды кампанияларына қатысуын шектеу, жергілікті тәуелсіз бақылаушыларды сайлау учаскелеріне жібермеу, оппозициялық кандидаттарды қорқыту және бейбіт шеру кезінде азаматтар мен журналистерді ұстау – осының бәрі сайлау процесінің берекесін қашырды" делінген мемлекеттік департамент мәлімдемесінде.
Мәлімдеме авторлары ЕҚЫҰ бақылаушыларына уақытында шақыру берілмегеніне де өкініш білдіріп, "бәсекеге сай еркін әрі әділ сайлау заңды үкімет қалыптастырудың түпқазығы" деп атап өткен.
АҚШ мемлекеттік департаменті беларусь үкіметін азаматтардың бейбіт жиынға қатысу құқықтарын құрметтеп, күш қолданбауға және негізсіз ұсталғандардың барлығын босатуға шақырды.
Бұған дейін бейбіт шеруге қатысушыларға күш қолдануды Еуроодақ та айыптаған.
- Минскі және Беларусьтің өзге қалаларында 10 тамызда да наразылық акциялары жалғасты. Наразылар 9 тамыз күні өткен президент сайлауының қорытындысына қарсы шықты. Сайлау өткен күні де елдің түкпір-түкпірінде қарсылық акциялары өтіп, арнайы жасақ оларды күшпен таратқан. Шамамен үш мың адам ұсталған. Сейсенбіге қараған түні ІІМ Минскіде демонстранттың қаза болғанын хабарлады. Президент Александр Лукашенкоға қарсы наразылық акциясына қатысқандардың өлімін билік алғаш рет растап отыр.
- Еуроодақ Лукашенко жеңген президент сайлауларының ешқайсысын (1994 жылғы сайлаудан басқасын) еркін әрі демократиялық приниптерге сай өтпеді деп мойындамаған. Алдын ала сайлау қорытындысы бойынша, Лукашенко шамамен 80 пайыз дауыс алған. Оны жеңіске жетуімен Қытай, Ресей және Қазақстан басшылары құттықтады. Оппозиция сайлау қорытындысын мойындамады.