Түрмедегі белсенді Елшібаев "қарсылық ретінде аузын тіккен". Жақтастары прокуратураға барды

Жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев.

Жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаевтың "қысымға қарсылық ретінде аузын тігіп тастағаны" туралы видеоүндеу жарияланғаннан кейін 17 тамызда бір топ белсенді Түркістан облысы Төле би ауданы прокуратурасына барып шағымданды. Олар Шахта Тоғыз ауылындағы ИЧ-167/9 түрмесінде жазасын өтеп жатқан белсенді Ержан Елшібаевтың жағдайына алаңдап отырғанын айтып, ол туралы ақпарат беруді талап етті.

"Қарсылық ретінде аузын тіккен" Ержан Елшібаевтың видеоүндеуінен алынған скриншот.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Ержан Елшібаевтың аузы тігілген суреті мен видеоүндеуі жарияланған еді. Белсенді видеода түрменің бірнеше қызметкерінен қысым көргенін айтып, қысым көрсетіп жатқан адамдардың да атын атаған.

Дүйсенбі күні Елшібаев туралы ақпарат сұраған бесенділерге жауап берген кезекші прокурор Бекзат Ағзам түрме әкімшілігі мен қызметкерлеріне қатысты шағымды Түркістан облысы прокуратурасына жазу керектігін айтты. Ол сонымен бірге Ержан Елшібаевтың түрмеде өзіне қол салмақ болғанын, оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабымен қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

Төле би аудандық полиция басқармасы тергеу бөлімінің басшысы Талғат Әбуов Ержан Елшібаевтың "өзіне қол жұмсағанын" растады. Оның айтуынша, Елшібаев "қолын кескен". Оған медициналық көмек көрсетілгені-көрсетілмегені белгісіз. Азаттық тілшісі ИЧ-167/9 түрмесіне хабарласқанмен әзірге жауап ала алмады.

Дүйсенбі күні прокуратурадан шыққан белсенділер Елшібаев отырған түрмеге бару үшін жолға шықты.

Аузы тігілген Елшібаевтың видеосы мен суреттерін 15 тамызда жариялаған белсендінің әйелі Динара Иманғалиева оның мұны түрмедегі қысымға қарсылық ретінде жасағанын айтты. Оның Азаттыққа айтуынша, 15 тамызда сол үшін оны жеке изоляторға қамаған.

– Ержан түрмедегі қысымға қарсылық ретінде аузын тігіп тастады, – деді Динара Иманғалиева.

Your browser doesn’t support HTML5

"Қолын кесіп, аузын тіккен". Жаңаөзендік белсенді Елшібаев түрмеде азапталғанын айтты

Былтыр қараша айында Жаңаөзен қалалық соты 31 жастағы Ержан Елшібаевты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша кінәлі деп тауып, бес жылға соттаған. Қылмыстық істе жәбірленуші ретінде танылған адамдар айыпталушыға талаптары жоқ екенін айтса да, апелляциялық сот алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырған еді.

Тергеу орындарының мәліметінше, 2017 жылы Елшібаев Жаңаөзенде төбелесіп, бір адамды жарақаттаған. Белсендінің жақтастары бұл істің саяси астары бар деп санайды. Былтыр тамызда құқық қорғаушылар Елшібаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ержан Елшібаев 2019 жылдың ақпан-наурыз айларында Жаңаөзенде өткен жұмыссыздық мәселесіне қатысты наразылық шарасында көзге түскен. Наразылық кезінде жаңаөзендіктер биліктен жалақысы жақсы жұмыс талап еткен болатын.