Қазақстан билігі өзбекстандық "Эрк" ("Ерік") партиясының белсендісі Хуррам Бердиевті Өзбекстанға депортациялады. Бұл туралы Ташкенттің ішкі істер басқармасының сайты мәлімдеді.
Бұған дейін Азаттықтың Өзбек қызметі Бердиевтің жақындарына сілтеме жасап белсендінің Қазақстаннан депортацияланғанын хабарлаған. Ол кезде Қазақстан мен Өзбекстанның ресми билігі бұл ақпарат жайлы ешқандай мәлімдеме жасамаған еді. Белсендінің адвокаты да экстрадиция туралы ештеңе айтпаған.
Ташкент ішкі істер басқармасы "Бердиевтің экстрадициясы оның оппозициялық ұстанымымен байланысты емес" деп мәлімдеді.
"Хуррам Бердиев Өзбекстан Қылмыстық кодексінің "Адам саудасы" бабымен айыпталып отыр. Оған басқа айып тағылмаған" деді басқармасының баспасөз қызметі.
Шымкент сотының қаулысына сай, 2020 жылы ақпанда Бердиевке халықаралық іздеу жарияланған. Кейін ол ұсталып, Қазақстан ІІМ 167/11 тергеу изоляторына қамалған.
Өзбекстан билігі "Бердиевке 2013 жылы адам саудасымен айналысты деген айып тағылып, 2014 жылы іздеу жарияланғанын" айтады. Тергеушілердің дерегінше, "Бердиев бірнеше адамды алдап, Шымкентке жұмысқа апарып, құжаттарын алып қойған. Кейін оларды тегін жұмыс істеуге мәжбүрлеген".
"Эрк" партиясының мүшесі, өзбекстандық белсенді Дилором Исокова айыпты қолдан ұйымдастырылған деп мәлімдеді.
"Қазақстанға жұмысқа барған адамдар Өзбекстандағы туыстарына ақща салып, телефонмен сөйлескен. Мұны Қазақстандағы телефон компаниялары мен ақша аудару қызметтері ұсынған құжат дәлелдейді" деді ол.
Өзбекстанда "Эрк" партиясын 1980 жылдардың соңында ақын Мұхаммад Салих құрылған. Ол 1991 жылы президент сайлауында Ислам Каримовтің басты қарсыласы болған. Кейін ол елден кетуге мәжбүр болды.
28 жастағы Бердиев – "Мазлум" құқық қорғау орталығын құрушылардың бірі. Ол да елден кетуге мәжбүр болып, бірнеше жылдан бері Қазақстанда тұрып жатқан. Оны депортациялау туралы сот шешімінде, Бердиевтің Қазақстан азаматтығын я босқын мәртебесін сұрамағаны жазылған.
Бердиев бұған дейін Еуропа одағының 2005 жылы 13 мамырдағы Әндіжан қырғынына халықаралық тергеу ұйымдастыруды қолдаған. Құқық қорғаушылар осы қолдаудан кейін билік Бердиевке қысымды күшейтті деп санайды.