Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен вице-премьер Роман Скляр бастаған үкімет делегациясы Мәскеуге кетті. Сапар кезінде Қазақстан делегациясы Covid індетіне қарсы ресейлік вакцинаны "халықаралық сертификациядан өткен соң" алу жағын талқылайды.
Бұл туралы министрліктің ресми өкілі Бағдат Қожахмет 24 тамызда Нұр-Сұлтанда өткен брифингте мәлімдеді. Оның сөзінше, дәл қазір вакцинаны тек Ресейден ғана сатып аламыз деген әңгіме жоқ.
- Мәскеуге вакцина үшін емес, жыл сайынғы жоспарлы кездесуге кетті. [Цой] вакцина үшін [Мәскеуге] кетті деген дұрыс емес. Вакцина тақырыбы қызып тұр. Сондықтан осыған назар ауып жатыр. Жалпы [делегация] Мәскеуге бәрібір баратын еді. Себебі Ресеймен қарым-қатынас бойынша бірнеше талқылайтын жайттар бар. Үкімет пен министрлік көпбекторлы саясат ұстанады. Әлемдегі вакцина жасап жатқан елдердің бәрімен хабарласып, келісіп жатыр, - деді Қожахметов.
Министрлік өкілі Қазақстанның Ғалымдық вакцина және иммунизация альянсымен нарыққа бірінші түскен ресми вакцинаны алу туралы келісім жасасқанын да айтты.
- Қазір әлемде коронавирустың жаңа түріне қарсы жүзден астам вакцина сынақтап өтіп жатыр. Бұған дейін Қазақстанда Ресей билігі тіркеген, бірақ ДДСҰ күмән келтірген "Спутник" вакцнасы көп талқыланды. ДДСҰ ресейлік вакцинаның барлық сынақ кезеңінен өткеніне сенбейді. Мәскеу бұл күдікті жоққа шығарып отыр.
- 21 тамызда Reuters агенттігі британиялық ғалымдардың ресейлік вакцинаға қатысты күдігін хабарлаған. Ағылшын ғалымдарды бұл вакцинадан вирус мутацияланып, пайдасыз болуы мүмкін деген.
12 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күзде Ресейге вакцинаны сатып алу бойынша келіссөз жүргізуге делегация жіберетінін айтқан. Бұл қоғамда үлкен талқы тудырып, кейін Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі барлық сынақ кезеңінен өтпеген вакциналарды алмайтынын мәлімдеген. Елдің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Қазақстан нарыққа алғаш түскен вакцинаны сатып алатынын айтқан.
Тамыздың басында министрлік вакцина шықса, халықтың 11,5 пайызына - созылмалы дерті бар адамдарға, індетпен күресетін дәрігерлерге, вирус жұқтырса қауіп тобында болатындарға - тегін екпе салатынын мәлімдеген. Ведомство "халықтың қалған бөлігі вакцинаны өз қаржысына салдыру керек" деді. Яғни, екпенің төлемі Медициналық сақтандыру қорынан (МСҚ) төленбейді. МСҚ - халықты тегін медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін құрылған қор. Биылдан бастап ресми жұмыс істейтіндер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ай сайын жалақысының бір бөлігін осы қорға аударып келеді.
Қазақстанда коронавирус вакцинасын жасап жатыр. 19 тамызда Дәрілер мен медициналық сараптау ұлттық орталығы "коронавирусқа қарсы қазақстандық QazCovid-in®️ вакцинасының клиникаға дейінгі зерттеуі" аяқталғанын мәлімдеді. 24 тамыздағы брифингте Қожахметов "Алексей Цой да қазақстандық вакцинаның сынағына қатысатынын" айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан "QazCovid вакцинасын еріктілерге салуға дайын" екенін мәлімдеді