АҚШ ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный уланған деп тұжырым жасаған Германия дәрігерлері таратқан мәлімдемеге алаңдап отырғанын жеткізді. Егер хабарлама расталса, АҚШ оқиғаны жан-жақты зерттеуге шақырған Еуроодақтың ұсынысын қолдап, зерттеуге атсалысуға дайын екенін де мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның мәлімдемесі 25 тамызда АҚШ мемлекеттік департаментінің сайтында жарияланды.
"Навальныйдың отбасы және Ресей халқы жан-жақты және ашық зерттеу жүргізіп, қатысы бар адамдарды жауапкершілікке тартуға лайық. Біз Алексей Навальный отбасымен біргеміз және ол толық жазылып шығады деп үміттенеміз" делінген 25 тамыз күнгі мәлімдемеде.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Стивен Биган екі ел арасындағы қарым-қатынас мәселелерін талқылағаннан кейін ведомство түсініктеме жариялады. Талқылау кезінде Алексей Навальный мәселесі де қозғалған.
Навальныйға у бергені расталса, Вашингтон Мәскеуге санкция салады деген АҚШ ескертуіне тоқталған министрлік Ресей билігі жалаң айыптауларға жол бермейді деп айтқан. Ресей басшылығы да оқиғаны мұқият әрі объективті зерттеуді қолдайды деп мәлімдеген.
Оппозициялық саясаткерді емдеп жатқан Берлиндегі "Шарите" ауруханасы дүйсенбі күні Навальныйдың ағзасынан улы заттар табылғанын хабарлаған болатын. Ізінше Германия билігі Ресейді Навальныйдың улануын жан-жақты зерттеуге шақырған еді. Ал Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 25 тамызда Алексей Навальныйдың жағдайына байланысты іс қозғауға әзірге негіз жоқ деп айтқан еді.