Ауғанстанда қатты жауын салдарынан тасқын болып, Кабулдың солтүстігінен 60 шақырымда орналасқан Парван провинциясында кем дегенде 100 адам қайтыс болып, 300-ден аса адам жараланды. Бұл туралы 26 тамызда ауған үкіметі мәлімдеді.
Ауғанстанның табиғи апаттар бойынша министрі Гулам Бахауддин Жайлани Азаттықтың Ауған қызметіне Парван провинциясында мыңнан аса үй қирағанын айтты.
Парван провинциясы әкімдігінің баспасөз хатшысы Вахида Шахкар "қаза тапқандар саны өсуі мүмкін" деді. Сөзінше, қираған үйлердің астынан қаза болған адамдар табылып жатыр.
Парван провинциясының орталығы Чарикардағы аурухананың бас дәрігері Абдул Қасым Сангин Азаттықтың Ауған қызметіне 26 тамыздың өзінде үйінді астынан 68 мәйіт пен жараланған 90 адам табылғанын айтты. Сөзінше, марқұмдардың көбі - әйелдер мен балалар. Ауруханада жатқан кейбірінің жағдайы өте ауыр.
Шахкардың айтуынша, тасқын түн ортасында болған. Ол Ауғанстан билігін көмек қолын созып, құтқарушыларға қолдау сұрады.
Ауғанстан президенті Ашраф Ғани қатты жауыннан зардап шеккен Парван провинциясына және басқа аймақтарға көмек беруді тапсырды. Ғани қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты.
Ауғанстан табиғи апаттармен күрес министрлігінің ресми өкілі Ахмад Тамим Азими тасқын салдарынан Кабулға барар жолдар жабылған.
"Жұртты құтқарумен қатар жабылып қалған жолдарды да ашуға тырысып жатырмыз" деді ол.
Азимидің сөзінше, Парван провинциясында мыңнан аса адам үйсіз қалған. Капис, Панжшир, Пактия провинциясында үйлер қирап, жолдар бүлінген. Азими зардап шеккен аймақтарға ұшақтармен қолдау жіберілгенін айтты.
Ауғанстан басылымдары тасқын Нуристан провинциясында жүздеген гектер егістікті шайып кеткенін хабарлады.
Азимидің айтуынша, Майдан-Вардак провинциясында бірнеше үй қирап, екі адам қаза болған, бес адам жараланған.
Нангархар провинциясының әкімдігі бір отбасының үйі қирап, екі мүшесі қаза болғанын, төртеуі жараланғанын мәлімдеді.
Жазда Ауғанстанда нөсер жауын жиі жауып, жыл сайын жүздеген адамның өмірін алады.