Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды емдеп жатқан неміс дәрігерлері болгар әріптестерінен бизнесмен Емельян Гебревтің улануы бойынша материалдар сұраған. Бұл туралы Bellingcat-пен бірігіп жасаған зерттеуге сүйенген немістің Der Spiegel басылымы жазды. Зерттеуде дереккөз айтылмайды.
Басылымның жазуынша, Навальный жатқан Берлиндегі "Шарите" клиникасының дәрігерлері Гебрев пен Навальный бір-біріне ұқсас умен уланған деген қорытындыға келуі мүмкін.
Бұған дейін "Шарите" мамандары ресейлік оппозиционерді ингибитор холинэстераз тобына жататын затпен улауы мүмкін деп хабарлаған еді. Бұл топқа органофосфаттар да кіреді.
Spiegel мен Bellingcat ақпаратына сәйкес, неміс дәрігерлері саясаткердің осы оргонофосфаттар тобына жататын заттан улануы мүмкін деп топшылап отырған сияқты. Бұл топқа инсектицидтер, сонымен бірге нерв жүйесін істен шығаратын токсиндер (СССР кезінде шығарылған зарин мен "Новичок" уы) де кіреді.
Емельян Гебрев Украинаға қару-жарақ тасымалдаумен айналысқан. 2015 жылы 18 сәуірде әріптестерін қабылдау кезінде бизнесменнің жағдайы күрт нашарлап, есінен танып қалған. Дәл сол кезде қаланың өзге аумағында жүрген ұлынан да сондай симптомдар байқалған. Олардан жырақ жүрген компания директорында да улану белгілері пайда болған. Үшеуі уланғанға дейін бірнеше сағат бұрын Софиядағы компания кеңсесінде бірге отырған.
Bellingcat және The Insider басылымдары Гебревтің улануына ГРУ-дың бұрынғы офицері Сергей Фротовтың қатысы болған деп қорытынды жасаған. Фротов Ұлыбританияда Скрипальдардың улануына қатысы болуы мүмкін ресейліктермен де байланысты.
Навальный Омбы ауруханасына 20 тамызда түскен. Бұған дейін оппозиция жақтастары аурухана дәрігерлерін ес-түссіз жатқан саясаткерді бірнеше сағат бойы неміс клиникасына эвакуациялауға мүмкіндік бермеді деп кінәлаған.
Омбы дәрігерлері саясаткерде улану белгілері байқалғанмен ағзасынан қауіпті зат табылмады деп мәлімдеген еді.
26 тамызда ашық хат жариялаған Омбы дәрігерлері Навальныйды аурухана қызметкерлері құтқарып қалды деген тұжырымды ешкім жоққа шығара алмайтынын, емдеу ісіне саясаттың ықпалы болмағанын айтқан.