АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Украина президенті Владимир Зеленскиймен сөйлесіп, Қытайдың Украинадағы қозғалтқыш өндіретін компанияны сатып алу талпынысына байланысты АҚШ-тың алаңдаушылығын талқылады.
АҚШ мемлекеттік департаментінің осы туралы мәлімдемесінде Помпеоның Зеленскиймен 26 тамыз күні сөйлескені, мемлекеттік хатшының Қытайдың Украинадағы "Мотор Сич" компаниясын сатып алу ниетіне алаңдаушылық білдіргені жазылған.
Ресми Вашингтон осыған дейін Украинадағы стратегиялық өндірушінің және оның технологияларының Қытайға сатылуына қарсы лобби жүргізген.
Өткен жылдың соңында АҚШ-тың Украинадан кетіп жатқан елшісі америкалық компаниялардың "Мотор Сичті" сатып мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын айтқан. "Мотор Сич" - әскери қорғаныс мақсатындағы авиациялық қозғалтқыштарды өндіру бойынша әлемнің жетекші өндірушілерінің бірі.
"Мотор Сичке" қызығушылық танытып отырған салмақты америкалық және өзге де компаниялар бар» деді Уильям Тейлор өткен жылдың желтоқсанында. Тейлор АҚШ-тың Украинадағы елшісі қызметінен 2 қаңтарда кеткен болатын. Елші мәлімдемесінде америкалық компаниялардың атын атамады.
"Мотор Сич" компанияның бас директоры Вячеслав Богуслаевтың меншігінде. Хабарламаларға сәйкес, ол акцияларының үлкен бөлігін Қытай компанияларына сатуға келісіп отыр. Алайда Украина үкіметінің келісімі әлі алынған жоқ.
Мемлекеттік департаменттің мәлімдемесіне сәйкес, Помпео мен Зеленский сондай-ақ Беларусьтегі жағдайды, Украинаның коронавируспен күресін, Украина шығысындағы Ресей агрессиясын дипломатиялық жолмен ретеу және Украинаның Крымдағы суверенитетін қалпына келтіру мәселелерін талқылады.