Латвия, Литва және Эстония Лукашенкоға санкция салды

Президент сайлауының ресми қорытындысына наразылық танытып тұрған қыз. Минск, 30 тамыз 2020 жыл.

Латвия, Литва және Эстония Беларусьтегі президент сайлауының қорытындысын бұрмалап, наразыларды күшпен басуға атсалысты делінген бірқатар шенеуніктерге санкция салды.

Латвияның сыртқы істер министрлігі жариялаған тізімде 30 адамның аты-жөні бар, олардың арасында Беларусь президенті Александр Лукашенко да бар. Эстонияның сыртқы істер министрлігі де осыған ұқсас тізім жариялады. Бұған дейін Литва жариялаған тізімде Беларусьтің 31 шенеунігінің аты-жөні болған.

Санкция салынған Лукашенко және өзге шенеуніктердің Балтық елдеріне баруына тыйым салынған. Тізімде Лукашенконың ұлы Виктор Лукшенко, Беларусь орталық сайлау комиссиясының жетекшісі Лидия Ермошина, ішкі істер министрі Юрий Караев та бар.

Бұған дейін Еуроодақ елдері беларусь шенеуніктеріне санкция салуға келіскен еді, алайда тізімге байланысты келісе алмаған. Атап айтқанда, Лукашенконы тізімге енгізу туралы ұсынысты кейбірі қолдамаған. Беларуське қатаң шара қолдану қажет деп санайтын Балтық елдері бұған наразы болып, Минскіге өз бетімен санкция салған.

Беларусьте үш аптадан бері президент сайлауының ресми қорытындысына наразылық жалғасып жатыр. Наразылар сайлау қорытындысы бұрмаланды деп санайды. Қарсылық акциясына қатысқан көптеген адам ұсталып, соққыға жығылған, азапталған. Бірнеше адам қаза болған. Батыс елдері 9 тамызда өткен президент сайлауының ресми қорытындысын мойындамай, биліктің бейбіт халыққа күш қолдануын сынады, оппозициямен диалог орнатуға шақырды. Ал президент сайлауының қорытындысын мойындаған Ресей президенті Владимир Путин осыған дейін Лукашенконы жеңіске жетуімен құттықтаған.