Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев министрліктердегі жауапты хатшы институтын тарату туралы бұйрық берді. Олардың міндеттері мемлекеттік аппарат жетекшілеріне жүктеледі. 1 қыркүйекте парламенттің бірлескен отырысында халыққа жолдау жасаған Тоқаев мемлекеттік басқаруға жаңаша көзқарас қажеттігін айтып, осылай еді.
“Бұл институтты енгізер кезде жауапты хатшылардың ауыспайтындығы министрлерді әкімшілік кадрлық жұмыстан босатып, аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етеді делінген еді. Бірақ бұлай болған жоқ. Министрлер мен жауапты хатшылар арасында кикілжің жиіледі. Оның кесірі жалпы іске тиеді” деді ол.
Тоқаев жолдауда сонымен бірге елде стратегиялық жоспарлау, реформалар жөніндегі агенттік құрылатынын айтып, ол "тікелей мемлекет басшысына бағынады" деді. Оның сөзіне қарағанда 2021 жылға дейін мемлекеттік қызметкерлер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің саны 25 пайызға дейін қысқаруы тиіс. "Биыл – 10 пайыз, келесі жылы 15 пайызға қысқарады. Үнемделген ақша қызметкерлердің жалақысын көбейтуге жұмсалады" деді ол.
Тоқаев бұған қоса, жаңадан бәсекені қорғау жөніндегі агенттік құрылатынын айтты.
Бұл – Тоқаевтың халыққа жасаған екінші жолдауы.
Елді 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев былтыр отставкаға кеткеннен кейін президент болған Тоқаев бір жыл бұрын қыркүйек айындағы алғашқы жолдауында "жүйелі түрде саяси реформа жасауға" уәде берген еді. Елде билікке қарсы наразылық өршіген тұста ол көппартиялық жүйе, саяси бәсекені дамытуға көңіл бөлетінін айтқан. Ол сонымен бірге митингілер туралы заңнаманы қайта қарау қажеттігін алға тартқан.
Содан бері өткен 12 айда елде саяси партиялар мен сайлау туралы заң қабылданғанмен сыншылар болмашы ғана өзгерістер болғанын, заңнаманың адам құқықтарын шектейтін сипаты сақталып қалғанын айтқан. Жаңа өзгерістерге сәйкес, елде партияны тіркеу үшін қажетті мүшелер саны 40 мыңнан 20 мыңға дейін азайтылды, партиялар сайлау тізімінде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота беруге міндеттелді.
Билік қабылдаған" Бейбіт жиын туралы" жаңа заң атқару органын ескертіп қана шара өткізуге мүмкіндік береді деп айтқанмен іс жүзінде олай болмай шықты. Жергілікті және халықаралық сарапшылар жаңа заңда ескі шектеулер сақталып қалғанын, рұқсат етілмеген митинг өткізетіндерге жаза күшейгенін айтып сынаған.