"САЯСИ РЕФОМАЛАР МЕН ХАЙПОКРАТИЯ". ТОҚАЕВ ЖОЛДАУЫНДА НЕ АЙТТЫ?
Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауын коронавирус карантині кезінде мемлекет 4,5 миллион адамға екі айда 42 мың 500 теңге (102 доллар) бергенінен бастап, "мұндай жәрдем көршілес елдерде, тіпті кейбір ірі мемлекеттерде берілген жоқ" деп тоқтады.
Биыл маусымның соңында елде коронавирус індеті өршіп, екінші қайтара карантин жарияларда үкіметке қатаң ескерту берген Тоқаев бұл жолы "Үкімет жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білді" деп бағалады.
Тоқаевтың сөзінше, Қазақстан билігі "ешнәрсені жасырмай, індеттен қайтыс болғандар туралы ақпараттың барлығын ашық жариялаған, қаншалықты ащы болса да, шындықты айтқан".
Бірақ сарапшылар Қазақстанның коронавирус статистикасына күдікпен қарайды. Билік коронавирус жұқтырған жүздеген адамды "өліміне басқа дерт себеп болды" деп статистикаға қоспады. Бұдан бөлек, маусым-тамыз арасында коронавирус анализі теріс, бірақ клиникалық белгілері Covid індетіне ұқсас пневмонияға шалдыққандар мен қайтыс болғандар да статистикаға енбей қалды.
Тоқаев жолдауында президенттіктен кетсе де Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билікке ықпал етіп отырған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты бірнеше рет еске алды. Ол Назарбаев "көреген саясатының арқасында экономиканың дамуы үшін берік негіз қалады" деді. Тоқаев "реформаларға серпін беру үшін Назарбаев жариялаған "Ұлт жоспары және негізгі 5 институтционалдық реформаны" бағдар етіп ұстанатынын хабарлады.
Тоқаев жолдауында мемлекеттік аппарат пен квазимемлекетік сектор қызметкерлерін биыл 10 пайызға, келер жылы 15 пайызға қысқарту қажеттігін айтты. Сөйтіп 2021 жылдың өзінде шенеуніктерді 25 пайызға азайтатынын мәлімдеді. Тоқаев осыған ұқсас цифрды 2019 жылы 2 қыркүйектегі алғашқы жолдауында да айтқан. Онда 2024 жылға дейін мемлекеттік аппараттың 25 пайызы қысқартылатынын мәлімдеген. Шенеуніктерді қысқарту туралы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы жолдауында да, одан бұрын да бірнеше рет айтқан. Мәселен, 2009 жылы Қазақстанның сол кездегі премьер-министрі Кәрім Мәсімов "Нұр Отан" партиясының тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызметкерлер жаппай қысқартылатынын бірнеше рет мәлімдеген еді.
Тоқаев "Бәйтерек" және "ҚазАгро" холдингтерін "индустрияландыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісіне елеулі үлес қосты" дей отырып, екеуін біріктіруді және штатын елу пайызға қысқартуды ұсынды.
Алайда Тоқаев қысқарта отырып, ұлғайтуды да ұмытпады. Сөзінше, жаңадан бір министрлік пен бір агенттік және бір кеңес пен бір комиссия құрылады. Төтенше жағдайлар комитеті қайтадан министрлікке айналады, жаңадан Реформа және стратегиялық жоспарлау агенттігі пайда болады. Қазақстан президенті жанынан "Реформа жөніндегі жоғары кеңес" және "Құқық қорғау органдары мен сот жүйесі реформасы бойынша комиссия" құрылады.
Тоқаев 2007 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен құрылған "министрліктің жауапты хатшы" институтын тарататынын мәлімдеді. Тоқаевтың сөзінше, бұл институт өзін "ақтамаған".
"Өнеркәсіпке қолдау көрсетудің нақты шараларын да жетілдіру керек. Бізде жүйелі әрі біртұтас ұстаным жоқ. Соның салдарынан сансыз көп жобаға қаражатты ысырап етіп отырмыз" деген президент оның қандай жобалар екенін ашып айтпады.
Қазақстан президенті ауыл шаруашылығына да тоқталып өтті. Оның сөзінше, "ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес". Осыған ұқсас пікірді Назарбаев әсіресе мұнай бағасы құлдыраған кезде жиі айтатын.
Тоқаев келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жоятынын, жер шетелдіктерге сатылмайтынын хабарлады.
"Бірақ үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс" деген Тоқаев жер шетелдіктерге жалға беріле ме, жоқ па деген мәселені нақты айтпады.
Жолдауда Тоқаев "кәсіпкерлер мен бизнесмендер жұмысына заңсыз кедергі жасайтын мемлекеттік құрылымдардың әрекеті мемлекетке қарсы ауыр қылмыс ретінде қарастырылуы тиіс" деді. Осыған ұқсас пікірді Назарбаев та бұған дейін бірнеше қайталап, тіпті шағын және орта кәсіпті тексеруге мораторий де жариялаған.
Тоқаев азаматтардың зейнетақы қорындағы салымдарын пайдалануға беруге болатыны жайлы биылғы жолдауында тағы да қайталады. Ол мұны 2019 жылы қыркүйектегі жолдауында және 2019 жылы желтоқсандағы Ұлттық сенім кеңесінің отырысында айтып, онысы аяқсыз қалған.
Тоқаев 2021 жылдан бастап "Аңсаған сәби" бағдарламасы бойынша жасанды ұрықтандыру арқылы сәбилі болуға мүмкіндік беретін квота 7 есеге көбейтілетінін мәлімдеді.
Президент "2021 жылдың қаңтарынан бастап мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға көбейтілетінін" хабарлады. Нұрсұлтан Назарбаев та мұғалімдер жалақысын жолдау сайын көбейтетін. Ал Тоқаевтың "2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы орташа жалақыдан екі есе артық болады" деген жоспары биылғы коронавирус індетінен алған сабаққа ұқсады.
Тоқаевтың 11 тараудан тұратын жолдауының 10 тарауы саяси реформаларға арналды. Қысқаша баяндалған тараудан Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл қабылданған "Бейбіт митинг ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы", "Саяси партиялар туралы", "Сайлау туралы", "Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы" заңдарды демократиялық өзгерістер санатына жатқызатыны байқалды. Алайда тәуелсіз сарапшылар мен қоғам белсенділері бұл заңдарды "көз алдау, бұрынғы шектеулер сақталды" деп бағалаған еді. Мәселен, "Бейбіт митинг заңында" жұрт бейбіт жиын өткізуі үшін билікке ескертуі тиіс және белгіленген жерде болуы керек. Ескертілмеген митингілер заңсыз деп танылып, қатысушылары жазаланады.
Тоқаевтың жолдауында жергілікті өзін өзі басқару мәселесі де қысқаша сөз болды. Ол "ауыл әкімдерін тікелей сайлауға болады" деген пікірін білдірді. Алайда ауыл әкімдерін сайлау механизмдері қалай өзгеретінін айтпады. Қазақстанда жергілікті әкімдерді сайлау мәселесі 2000 жылдың басынан бері жиі айтылып келеді. 2013 жылы ауыл әкімдерін сайлау басталғанын "үлкен саяси өзгеріске" теңеген еді. Алайда бұған дейін ауыл әкімдерін аудан әкімдерінің ұсынуымен тек қана жергілікті мәслихаттар сайлап келген.
Өзі де "Нұр Отан" партиясының мүшесі болып саналатын Қасым-Жомарт Тоқаев "Нұр Отан" партиясына сүйене отырып, "мемлекет басшысы ретінде, шын мәніндегі көппартиялық жүйені дамытуға күш салуға міндеттімін" деді. Алайда оны қалай жүзеге асыратынын айтпады.
Тоқаев жолдауында адам құқығы мәселесіне екі минуттай ғана уақыт арнады. Сөзінше, елде адам құқығы саласында "жаңа шешімдер қабылдау аса маңызды". Қазақстан президенті елдегі заңнаманы Азаптауға қатысты халықаралық конвецияға сәйкестендіру керегін, кибербуллингтен сақтау жолданын ойластыруды, балалар құқығын қорғау бойынша Конвенцияның факультативті хаттамасына қосылуды, адам саудасына қатысты қылмыстарды жіті тексеру керегін айтты.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары жылдар бойы Қазақстан билігі елдегі азаматтық және саяси құқықтар мен бостандықтарды шектеп, билікке сын айтқандарды қудалайды, діни шектеу көп, түрмелерде азаптау бар" деп жиі сынайды.
Тоқаев жолдауының саяси реформалар туралы қысқа тарауын "Демократияның басты жауы – білімсіздік пен популизм. Осыны естен шығармаған жөн. Азаматтарымыз реформаларға қолдау білдіреді деп сенемін. Олар жаңа саяси мүмкіндіктердің арқасында қоғамда "хайпократияның" белең алуына жол бермейді деп үміттенемін" деп аяқтады.
"БЫЛТЫР ДА ОСЫНДАЙ УӘДЕЛЕР ЕСТІГЕНБІЗ"
Азаттық тілшісімен сөйлескен Халықаралық құқық саласының маманы, заңгер Руслан Түсіпбеков "жолдауда тамаша уәделер мен жоспарлар айтылды. Бірақ оның бәрі әзірге декларация, ниет қана" дейді.
- Жолдаудың көбі орысша айтылды. "Следует" (жөн) деген сөз 42 рет, "Необходимо" (керек) деген сөз 11 рет, "надо" (қажет) деген сөз 4 рет қайталанды. Ал "жүзеге асырылды", "орындалды" деген сөздер жоқ. Былтыр да осындай уәделерді естігенбіз. Бірақ оны қалай орындағанын айтпады, - дейді ол.
Оның сөзінше, жыл сайын халыққа жолдау арнауды дәстүрге айналдырған Нұрсұлтан Назарбаев та алдыңғы жолдауларындағы жоспарларының қалай орындалғаны жайлы айтпайтын. Тоқаев та соны қайталаған.
- Тоқаев белгілі бір мақсаттарға триллиондаған теңгелер бөлінетіні жиі айтты. Бірақ ол бюджеттен бөліне ме, тағы да ұлттық қордан бөліне ме? Бұл жөнінде де ашық айтылмаған, - дейді ол.
Былтыр Қазақстан президенті сайлауы қарсаңында құрылған, биліктен саяси реформа талап етіп жүрген "Oyan, Qazaqstan" жастар қозғалысының белсендісі Димаш Әлжан Тоқаевтың жолдауында "бос уәде" көп деп есептейді.
- Тоқаев ең маңызды мәселеден айналып өтті. Қоғам жаңа саяси жүйе күтіп отыр. Әсіресе алда парламент пен мәслихаттар сайлауы келе жатыр. Халық өкілдік орган арқылы билікті бақылағысы келеді. Тоқаев баяғы соқпақ, құрғақ уәдемен өте шықты. Мәселе, оның уәделерін жүзеге асыратын саяси модель де жоқ. Мұндайда тамаша идеяның өзі жүзеге аспайды. Тоқаев "тиімді басқару" туралы айтып отыр. Тиімді басқаруды парламент арқылы жүзеге асырады. Ал бізде тәуелсіз парламент жоқ, тәуелсіз сот жоқ. Менің ойымша, бұл жолдау биліктің өзгеріске бармайтынын, бүгінгі саяси жүйенің дағдарысын көрсетті,-дейді ол.
Саясаттанушы, бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев Тоқаевтың бұрын айтылған бастамаларды қайта көтеріп, оны "саяси реформа" ретінде көрсетуі күлкілі" дейді. Сөзінше, былтыр мыңдаған адам наразылық білдірген президент сайлауынан кейін Тоқаев берген саяси реформалар туралы уәде де орындалмаған.
- Былтырғы саяси реформалар туралы айтылған жолдаумен салыстырсақ, не істелді? Мысалы, бұрын партияны тіркеуге 40 мың адам керек болатын. Қазір – 20 мың. Оны қадам деп айтуға бола ма? Мен олай айта алмаймын. "Біз митингілерді өткізуге жеңілдік береміз" деді. Ондай үлкен жеңілдік болған жоқ. Бір жағынан қағаздан қарасаңыз, иә, өзгеріс бар. Ал негізінен нақты жеңілдік болды деп айта алмаймын, - дейді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауы әлеуметтік желілерде түрлі пікір тудырды. "Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау ұйымының басшысы, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Faecbook парақшасында "президенттің бір жарым сағатқа созылған жолдауын 90 секунды ғана адам құқығына арналды. Парламентте Адам құқығы бойынша комитет құруды талап етеміз" деп жазды.
Бұрын Тоқаевтың штаттан тыс кеңесшісі болған экономист Олжас Құдайбергенов бұл жолдауды "тамаша" деп бағалады. Оның сөзінше, жаңадан құрылатын стратегиялық жоспарлау агенттігі президенттің өзіне тікелей бағынышты болатындықтан, шынайы статитстиканы көрсететін болады. Құдайбергенов "зейнетақы жинағын жеке адамдардың пәтер алуға, емделуге және қаржы институттарына салуына рұқсат берілуі – зейнетақы жүйесін реформалауға жасалған алғашқы жақсы қадам" деп деп бағалады.
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстан президентінің халыққа жыл сайын жолдау арнау дәстүрін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылдан бастап қалыптастырған. 2019 жылдың жазында Қазақстан президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 2 қыркүйекте алғашқы жолдауын жасаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бейбіт жиын, даулы жарна, тіл, жер және "латифундистер"