1 қыркүйекте кешке жүздеген әйел Минск орталығында бейбіт шеру өткізді, бірнеше сағат бұрын қауіпсіздік күштері жаңа оқу жылы басталған күні жалпыұлттық ереуілге шығу туралы оппозиция үндеуімен наразылыққа шыққан ондаған студентті қала орталығынан ұстап әкеткен болатын.
Жүздеген әйел Тәуелсіздік даңғылы маңында жиналып, кейбірі ән айтып, би биледі. Полиция оларды бақылап тұрды. Бірақ шараға кедергі жасамады. Беларусьте үш аптадан асып бара жатқан президент Александр Лукашенкоға қарсы наразылық кезінде әйелдер жетекші рөл атқарған. Олар полиция ер адамдарды ұстап әкетпес үшін үнемі қолтықтасып, шеп құрып жүретін болған.
Сейсенбі күні күндіз ақ және қызыл түсті оппозицияның туын ұстаған студенттер университет алдында жиналып, қала орталығына қарай жүрген.
“1 қыркүйек – Білім күні. Бұл Беларусьтегі ынтымақтастық күні. Бір күндік ереуілге қосылыңыз, жұмысшыларды қолдаңыз және үкіметке биліктің нағыз қайнар көзі кім екенін көрсетіңіз” делінген оппозиция жетекшісі Светлана Тихановскаяның командасы таратқан мәлімдемеде.
"Весна" құқық қорғау тобының хабарлауынша, полиция бірнеше жерде наразыларды таратып, кемінде 55 адамды ұстаған. Әлеуметтік желіде жарияланған видеоларда қара киген полицияның көшеде шерулетіп кетіп бара жатқан студенттерді күшпен тартып, сүйреп бара жатқаны көрінеді. Беларусь журналистер қауымдастығы шарадан хабар таратқан сегіз журналистің ұсталғанын хабарлады.