Бағдат Мусин цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрі болды

Бағдат Мусин.

2 қыркүйекте Бағдат Мусин президент жарлығымен цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады. Ол бұған дейін ресми түрде ведомство жетекшісінің орынбасары болып тағайындалып, министрдің міндетін уақытша атқарған еді.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, жарлық шықпай тұрып оның кандидатурасын мәжілістің экономикалық реформа және аймақтық даму жөніндегі комитет мүшелері қарастырып, мақұлдаған. Олар кандидаттың бұған дейін басталған мемлекеттік бағдарламаларды аяғына жеткізу мүмкіндігін де тексерген.

Мусин шілде айында қызметінен кеткен Асқар Жұмағалиевтің орнын басты. Маусым айының соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты бірнеше қала мен облыс әкімдеріне, ведомство басшыларына сөгіс жариялаған еді. Олардың арасында Асқар Жұмағалиев те болған.

37 жастағы Бағдат Мусин наурыз айында президенттің цифрлау және инновациялық технология бойынша кеңесшісі болып тағайындалған еді.

Әр жылдары әділет министрлігі, ақпарат және байланыс министрлігі, көлік және коммуникация министрлігінде қызмет атқарған. 2014 жылы "Қазпошта" компаниясының төрағасы болды.

2017 жылы бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитетін басқарды. 2018 жылы өз еркімен бұл қызметтен кетті. Ол сол уақытта денсаулығына байланысты және бизнес жобаларын жүзеге асырғысы келгендіктен мемлекеттік сектордан кететінін айтқан еді.