Трамп әкімшілігі АҚШ коронавирус вакцинасын шығаруға ұмтылып отырған халықаралық қауымдастыққа қосылмайды, өйткені ДДСҰ мен Қытайдың ықпалында қалғысы келмейді деп мәлімдеді.
АҚШ-тың вакцинаны өз бетімен шығару шешімі жайлы ең бірінші болып "Вашингтон пост" басылымы хабарлады. Шілде айының басында Ақ үй АҚШ бір жылдан соң ДДСҰ мүшелігінен шығады деп мәлімдеген еді. Сол кезде Трамп ұйым Қытайда коронавирус инфекциясының тарауы жөнінде "сенімді деректерді" елеусіз қалдырған, ресми Пекиннің дегеніне көніп отырған және өте баяу әрекет жасаған деп айыптаған еді.
Әлемде кейбір мемлекеттер өз бетімен вакцина шығаруға тырысса, кейбірі бірлесіп, дамытуға кіріскен. 150-ден астам мемлекет вакцинаға қол жеткізу бойынша ғаламдық (Vaccines Global Access Facility немесе СOVAX) қор құрған.
Бұл тұрғыда ДДСҰ-мен байланысты ұйымдармен ынтымақтастық орнату мемлекеттерге қауіпсіз әрі тиімді деп танылған вакцинаға жылдамырақ қол жеткізуге мүмкіндік береді. ДДСҰ-ның айтуынша, тіпті жеке өндірушілермен вакцина жасау бойынша келісім жасасқан мемлекеттерге COVAX-қа қосылу артық етпейді, себебі қажет кезде қосымша екпемен қамтамасыз етеді.
"АҚШ халықаралық әріптестерімізді вируспен бірлесіп күресуге ынталандыра береді, екіжүзді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қытайдың ықпалына ұшыраған ұйымдар біздің жұмысызға кедергі жасамайды. Президент кез келген жаңа вакцина Азық-түлік және дәрі-дәрмек әкімшілігінің қауіпсіздік және тиімділік стандартына сәйкес келіп, мұқият сынақтан өтіп, адамдардың өмірін құтқаруы үшін барынша жағдай жасайды" деді Ақ үй ресми өкілі Джадд Дир.
Ал республикашыл Ами Бера Ақ үй шешімін "алысты болжамай қабылданған шешім" деп атап, бұл қадам індетпен күресті сәтті аяқтауға кедергі жасайды деп мәлімдеді.
"COVAX-ке қосылу АҚШ-ты, мейлі оны кім бірінші болып шығарсын, вакцинамен қамтамасыз етуге кепілдік беретін қарапайым жол еді. Вакцинаны өз бетінше шығару шешімі Американы құр қол қалдыруы мүмкін" деді ол.
Америкалық AstraZeneca компаниясы дүйсенбі күні коронавирус тестінің соңғы кезеңге таяғанын хабарлаған. Англияда шоғырланған Кэмбридж компаниясы коронавирус вакцинасын сынауға 30 мың ересек қатысатынын айтты. Қалған екі вакцина осы жазда сынақтың соңғы кезеңінен өте бастаған. Біреуін – АҚШ ұлттық денсаулық институты мен Moderna Inc. компаниясы, екіншісін Pfizer Inc. және немістің BioNTech компаниясы шығарған.