Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың денсаулығы біршама оңалды. Мұны Берлиндегі “Шарите” емханасының дәрігерлері хабарлады. Олардың айтуынша, Навальныйды жасанды комадан шығарған. Оны өкпені жасанды желдету аппаратынан біртіндеп ажыратып жатыр.
Навальный өзіне айтылған сөздерге ишарамен жауап қатқан.
Дәрігерлер Навальныйдың бойын жайлаған у оның денсаулығына әлі ұзақ зардабын тигізуі мүмкін дейді.
Алексей Навальный 20 тамыздан бері, яғни 19 күн комада жатыр. Ол “Шарите” емханасында 22 тамыздан ем ала бастады. Германия астанасына оны Ресейдің Омбы қаласынан алып келген. Ұшақта кетіп бара жатқан Навальныйдың денсаулығы күрт нашарлаған соң жолаушы ұшағы Омбы қаласына қонуға мәжбүр болған.
Өткен аптада Германия басшылығы Навальныйдың ағзасынан “Новичок” тобына жататын удың ізі табылғанын мәлімдеді. Германия канцлері Ангела Меркель Мәскеуді оппозициядағы саясаткердің басындағы бұл жағдайды жан-жақты зерттеуге шақырды. Ресей билігі Навальныйды Омбыда емдеген дәрігерлерге сілтей отырып, саясаткер уланған деген ақпарға күмән келтірді. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс әлі қозғалған жоқ.