АҚШ-та жұма күні 2001 жылы 11 қыркүйекте жасалған террорлық шабуыл құрбандарын еске алды. 19 жыл бұрын терроршылар төрт жолаушы ұшағын басып алып, оның екеуін Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының ғимаратына, үшіншісін Пентагонға апарып соққан. Төртінші ұшақтағы жолаушылар терроршыларға қарсылық көрсетіп, ұшақ Пенсильвания штаты аумағына құлаған. Терактілер салдарынан барлығы үш мыңға жуық адам қаза тапқан.
Құрбандарды еске алу шаралары Нью-Йорк, Вашингтон және өзге қалаларда өтті. Биыл коронавирус індетіне байланысты еске алу шарасына аздап өзгеріс енгізілді – оған қатысушылар маска тағып, бір-бірінен алшақтау тұрды.
Еске алу шараларына биыл күзде өтетін АҚШ прездиенті сайлауының негізгі екі кандидаты – қазіргі президент Дональд Трамп пен оның бәсекелесі, демократ Джо Байден қатысты.
Трамп, оның зайыбы Мелания Трамп пен президент әкімшілігінің жоғары лауазымды қызметкерлері Пенсильвания штатындағы Шэнксвиллде 19 жыл бұрын құлаған ұшақ жолаушылары мен экипажын еске алды.
Трамп өз сөзінде терроршылармен айқасқа түскен №93 рейс жолаушылары "қандай қауіп-қатер төнсе де Американың әрқашан қайтадан аяғына тұрып, тойтарыс бере алатынын мәңгі паш етті" деді.
Джо Байден мен вице-президент Майк Пенс Нью-Йорктегі қаралы шараға қатысты. Байдан Шэнксивллге де барып, құрбандардың рухына тағзым етті.
АҚШ мемлекеттік департаменті мемлекеттік хатшы Майк Помпеоның еске алу күніне байланысты мәлімдемесін таратты. Онда АҚШ-тың одақтастары және әріптестерімен бірге 11 қыркүйек шабуылын ұйымдастырған "Әл-Қаида" мен өзге халықаралық террорлық топтарды талқандауда үлкен жетісткке жеткені, алайда терроризммен күрес әлі аяқталмағаны айтылған.