Навальныйдың уланғанын Франция мен Швеция зертханалары растады

Алексей Навальный емделіп жатқан Берлиндегі "Шарите" ауруханасы.

Франция және Швецияның тәуелсіз зертханалары ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың анализін тексеріп, неміс мамандарының қорытындысын растады. Бұл туралы дүйсенбі күні Германия үкіметі хабарлады. Бұған дейін Германия саясаткердің "Новичок" тобына жататын химиялық заттан уланғанын айтқан еді.

"Бір-бірінен тәуелсіз үш зертхана Навальныйдың "Новичок" тобына жататын жүйке жүйесін істен шығаратын заттан уланғанына дәлел көрсетті" делінген Германия үкіметі таратқан хабарламада.

Онда сонымен бірге Навальныйдан алынған сынама үлгісінің Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым (ХҚТҰ) сарапшыларына берілгені, ХҚТҰ зертханасында зерттелетіні жазылған.

"Ресейді не болғанын түсіндіруге тағы да шақырамыз. Біз еуропалық әріптестерімізбен тығыз байланыста отырмыз және алдағы қадамдарды талқылаймыз" делінген хабарламада.

2 қыркүйекте Германия үкіметі бундесвер зертханасына сүйене отырып, Навальныйдың ағзасынан "Новичок" тобына жататын химиялық зат қалдықтары табылды және оған күмән жоқ деп мәлімдеген болатын. Германияның сыртқы істер министрі Хайко Маас Ресей алдағы бірнеше күнде не болғанын нақты түсіндіруі тиіс, әйтпесе Германия ЕО әріптестерімен бірге шара қолдану мәселесін талқылайды деген еді. Маас "Солтүстік ағыс-2" жобасына қатысты шара қолдану мүмкіндігін де жоққа шығармаған еді.

Дереккөзге сүйенген Германияның ақпарат құралдарының жазуынша, неміс мамандары Навальныйды Солсбериде Сергей Скрипальға у берген кезде қолданған заттан сәл басқашалау "Новичок" түрімен уландырған деген қорытындыға келген. Германияның барлау қызметі бұл іске ресейлік арнайы қызметтің қатысы болмауы мүмкін емес деп топшылайды.

Ресми Мәскеу бір жағынан Омбы дәрігерлері мен медицина саласындағы шенеуніктердің тұжырымына сүйене отырып, Навальныйдың уланғанын жоққа шығарады. Екінші жағынан, Ресей Германиядан Навальныйдың денсаулығы мен анализі туралы мәліметті беруді талап етіп, Берлин бірге зерттеуге ықылас танытпай отыр дейді. Ресейдің өзінде қылмыстық іс қозғалмаған.

Ресейлік оппозиционер, Жемқорлықпен күрес қорының жетекшісі 44 жастағы Навальный 20 тамыз күні Томскіден Мәскеуге бағыт алған ұшақта жағдайы күрт нашарлаған. Ұшақ саясаткер денсаулығының нашарлауына байланысты Омбы қаласына қонуға мәжбүр болған. Саясаткер Омбы ауруханасында екі күн жатты. Ондағы дәрігерлер Навальныйдың зат алмасу процесі бұзылған деп мәлімдеді. Олар "саясаткер уланды" деген Навальный жақтастарының тұжырымын жоққа шығарған.

22 тамызда туыстары мен жақтастарының талабымен саясаткер Берлиндегі "Шарите" клиникасына ауыстырылды.

Навальныйдың жақтастары саясаткерге Ресей билігінің нұсқауымен у берген деп санайды.

Бұған дейін неміс дәрігерлері Навальныйдың денсаулығы жақсарғанын, комадан шыққанын хабарлаған.