15 қыркүйекте Қазақстанда 64 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Бір күнде 431 адам жазылған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Өткен тәулікте ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (18) тіркелген. Шымкент қаласы, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында бірде-бір науқас анықталмаған.
Елде коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталғандар саны 106 984 адамға жетті. Дегенмен бұл статистикаға коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталмаған, бірақ клиникалық белгілері covid-ке ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны енгізілмеген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) екі көрсеткішті біріктіруге кеңес бергенмен Қазақстан билігі екеуін екі бөлек жариялап жүр. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда наурыз айынан бері 136 586 адам коронавирусқа шалдыққан, кемінде 2003 адам қайтыс болған.
Ведомство мәліметінше, соңғы бір аптада коронавирустан 37 адам көз жұмған. Ең көп адам өлімі Алматы облысында (7), ШҚО (6) және Павлодар облысында (6) тіркелген.
Бұған дейін министрлік коронавирус жұққан қайтыс болған 500-ден астам адам "covid-тен емес, ілеспе аурудан қайтыс болды" деп мәлімдеген.