"Айыпталушы құқығын шектейді". Карантин кезіндегі онлайн сот

Азаматтық белсенді Юрий Маленьких сот жүйесінің әділетсіздігіне наразылық білдіріп, әкімшілік соттың алдында жалғыз адам пикетінде тұр. Алматы, 15 мамыр 2020 жыл.

Адвокаттар мен құқық қорғаушылар Қазақстанның сот жүйесі онлайн режимде істеуге дайын емесін көрсетті деп санайды. Сот процесін жүргізу тәртібінің сақталмауы, адвокат пен қорғауындағы адамның кеңесе алмауы, үнемі қайталанатын техникалық ақаулар істің әділ қаралуына кедергі келтіріп, көбіне айыпталушының құқығы бұзылатынын айтады. Сот өкілдері қиындықтар барын мойындағанымен, мұндай формат әділ шешім қабылдауға кедергі емес деген пікірде.

Қазақстанда коронавирус індетіне байланысты наурызда төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілгеннен кейін көп ұзамай сот процестері онлайн режимге көшкен. Содан бері байланыстың нашарлығы, сот отырысында тараптардың құқығы тең сақталмайтыны, процесті жүргізу талаптарының орындалмайтыны, ол жөнінде айтылған арыз-өтініштің ескерусіз қалатыны жайлы шағым айтушы көбейген.

Алматылық белсенді Юрий Маленьких төтенше жағдай жарияланғаннан кейін қалаға кіреберіске қойылған блокпосттарды аралаған. Тыйым салынғанына қарамастан олардан өтуге мүмкіндік барын, тәртіпті қадағалауы тиіс кей қызметкерлердің қауіпсіздік ережесін сақтамай жүргенін әлеуметтік желіде тікелей эфирден айтып, сынаған. Үш күннен соң, 29 наурызда белсенді Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 478-бабы ("Билiк өкілінің талабына қасақана бағынбау") бойынша айыпталып, онлайн режимде өткен сот шешімімен екі тәулікке қамалған.

– Онлайн режимде өтетін отырыста материалды жан-жақты зерттеуге мүмкіндік жоқ. Байланыс қайта-қайта үзіледі. Дыбыстағы ақаудан түк естілмейді. Қысқасы, біздегі сот жүйесі жаңа форматқа дайын емес, – дейді ол.

Азаматтық белсенділер Юрий Маленьких (сол жақта) пен Геннадий Крестянский әкімшілік соттың алдында тұр. Алматы, 15 мамыр 2020 жыл.

Белсенді жазасын өтеп шыққан соң өзімен бірге блокпосты аралап, билікті сынаған алматылық тағы бір белсенді әрі блогер Геннадий Крестьянскийдің ісін қараған әкімшілік сот процесіне қатысқанын айтты.

Қандай сот, не жайында екенін түсіндірген де жоқ. Процесс басталысымен судья бірден шешімді оқыды. Бітті.

– Геннадий Крестьянскийдің онлайн процесі небары бір жарым минут өтті. Басында не жайында екенін түсінбей қалдық. Полиция өкілі хабарласып, сот отырысы басталатынын, міндетті түрде қосылу керегін айтты. Қандай сот, не жайында екенін түсіндірген де жоқ. Процесс басталысымен судья бірден шешімді оқыды. Бітті. Айтыңызшы, бұл сонда қандай сот? – дейді Маленьких.

"Билік өкілін қорлады" (Қылмыстық кодекстің 378-бабы) деп айыпталған алматылық азаматтық белсенді Даная Қалиева өзінің ісі бойынша сотта техникалық ақау жиі болғанын айтады. Оны 22 ақпанда Алматы мен өзге бірнеше қалада жоспарланған наразылық митингі өтетін күні құрбысын күштеп әкетіп бара жатқан екі адамды балағаттағаны үшін жауапқа тартқан.

– Істі қараған Алматы қалалық Жетісу аудандық соты тегін ZOOM қосымшасын пайдаланды. Әр отыз минут сайын судья байланысты үзіп, қайта қосылатын. Өйткені қосымшаның тегін берілген уақыты шектеулі. Соның кесірінен отырыс күнде таңертеңгі сағат 9-дан кешкі жетіге дейін жалғасатын, – дейді белсенді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сот азаматтық белсенді Даная Қалиеваға айыппұл салды

Сот белсендіні айыпты деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (шамамен 55560 мың теңге) айыппұл салған. Даная Қалиева онлайн процесі кезінде құқығым шектелді деп санайды.

– Қойған сұрақтарым көбіне жауапсыз қалатын. Бес, жеті, он рет қайталасам да, қарсы тарап "естімеген" сыңай танытатын. Қызығы, осының бәрін судья үнсіз бақылайды. Меніңше, оларға сондай позиция ұстану ыңғайлы сияқты, – дейді белсенді.

Онлайн процеске қатысушы оның барысында байланыстан өз бетінше ажыраса немесе қатысудан бас тартса, сот оны әкімшілік жауапқа да тартады. Мысалы, мамыр айында Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық №2 соты қараған қылмыстық істегі жәбірленуші азамат онлайн процеске қатыспауын "жолға шығып кеткендіктен қолы тимейтінін" айтып түсіндірген. Судья оған "сотты құрметтемегені" үшін айыппұл салған. Қыркүйек айында Есіл аудандық соты қараған азаматтық іс бойынша онлайн процесс кезінде "қолы тимейтінін" айтып, байланысты өшіріп тастаған талапкердің өкіліне судья ескерту жасаған.

Жоғарғы сот алдына баласын ертіп келген әйел Қазақстанның сот жүйесіне наразылық білдіріп, пикет өткізіп тұр. Нұр-Сұлтан, 16 қыркүйек 2020 жыл.

"ИНТЕРНЕТ ӨЛЕУСІРЕП, БАЙЛАНЫС ЖИІ АЖЫРАЙДЫ"

Қазақстанның сот жүйесіне онлайн формат таңсық емес. 2017 жылы күзде елде "Мобильді сот кабинеті" іске қосылған. Әдетте ол сотталушы процеске түрмеден немесе куәгер басқа қаладан қатысқан кезде қолданылатын. Ондай онлайн процесті сынағандардың қатарында адвокат Жохар Өтебеков те болған.

Адвокат Жохар Өтебеков.

– Онлайн сот процесіне әлдебір сенімсіздік болғаны рас. Бірақ карантин басталғаннан кейін басқа амал қалмады. Жүйе онлайн режимге көшті, сөйтіп сотқа қашықтан қатысуға бейімделуге тура келді. TrueConf, ZOOM, WhatsApp сияқты қосымшалар арқылы видеобайланысқа шығуды меңгердім. Онлайн процестің адвокатқа тиімді жағы да бар. Уақыт үнемдеп, ары-бері жүру шығыны азаяды. Екіншіден, клиенттерге ақша үнемдеуге мүмкіндік бар. Алайда бұл форматтың кемшін тұсы жетерлік, – дейді заңгер.

Оның пікірінше, коронавирус пандемиясы Қазақстан сот жүйесінің техникалық мүмкіндігі қандай деңгейде екенін көрсеткен.

– Өкінішке қарай, жүйе толық цифрланбаған. Сот қолданатын TrueConf [видеоконференция жүргізуге арналған] бағдарламасын алайық. Қолайсыз әрі әлсіз. Кейін ZOOM-мен байланысты байқап көрдік. Онда да қиындық бар. Ыңғайлысы – WhatsApp. Бірақ қатысушы саны көп болса, оны қолдана алмайсың. Егер сот алдыңғы екі қосымшамен өтсе, процеске қатысқандарды да, судьяны да көрмейміз. Интернет өлеусіреп, байланыс жиі ажырайды, – дейді Өтебеков.

Онлайн сот процесінің сапасына наразылардың баспасөз мәслихаты. Солдан оңға қарай: Сәуле Базарбаева, Алтын Жандосова, Ирина Мәженова, Елена Сатыбаева. Нұр-Сұлтан, 8 маусым 2020 жыл.

Жоғарғы сот жанындағы ғылыми-консультативті кеңес мүшесі, адвокат Гүлнәр Сүлейменова интернет байланысының нашарлығынан сот отырысы сағаттап кешігетінін, әсіресе тергеу изоляторынан тікелей байланысқа шығу мүмкін емесін айтады.

– Негізгі процесс таңертеңгі сағат онға белгіленгенімен, соттың басталуын кемінде жарты сағат, кейде түскі он екі, бірге дейін күтеміз. Бірде тергеу изоляторынан түске дейін де, түстен кейін де интернетке қосылу мүмкін болмады. Отырыс кейінге шегерілді. Көбіне мемлекеттік айыптаушымен байланыс сапасы нашар болады, оның дауысы естілмейді. Бірде мендегі дыбыс өшіп қалды. Салдарынан кей куәгердің айтқанын ести алмадым. Кейде ондай бір сөз бүтін сөйлемнің мән-мағынасын өзгертеді. Ал ол [сот қарап отырған] істе маңызды болуы ықтимал, – дейді заңгер.

АДВОКАТ ПЕН АЙЫПТАЛУШЫ ҚҰҚЫҒЫ ШЕКТЕЛГЕН

Құқық қорғаушылар онлайн режимде әсіресе қылмыстық істі қарау өте қолайсыз деп санайды.

– Мәселен, онлайн отырыс кезінде екіжақты тергеу, куәгерлерден жауап алу мүмкін емес. Сосын қылмыстық істің бір ерекшелігі – адвокат пен қорғауындағы адам қатынас. Құпиялық, кеңес беру, пікір алмасуға мүмкіндік болмайды. Егер айыпталушы тергеу изоляторында отырса, жағдай тіпті қиын. Өйткені екеуара оңаша қалып, тілдесуі қарастырылмаған. Бұл мүлде дұрыс емес, – дейді адвокат Өтебеков.

Адвокат Гүлнәр Сүлейменова қылмыстық істегі маңызды процесс – заттай айғақтармен танысу, оны егжей-тегжейлі сараптап, зерттеу онлайн режимде мүмкін емесін айтады.

– Судья заттай айғақты тізіп шығады, бірақ біз оны көрмейміз. Тараптардың арызы бойынша кейін көшірмелер беріледі. Түпнұсқа (оригинал) болмағандықтан, оған сенім аз, – дейді ол.

Адвокаттар онлайн процесс кезінде қорғауындағы азаматқа сот барысында туындаған сұраққа байланысты кеңес беру қиын екенін айтады.

– Бәрі естіп тұрғандықтан, бұл мүмкін емес. Кейде ақылдасатын мәселелер болады. Қорғауымдағы адам "Жохар, жауап берейін бе, жоқ па?" деуі мүмкін ғой. Бірақ ондай сұрақ қоя алмайды. Бұл – күрделі мәселе әрі шұғыл шешуді талап етеді, – дейді адвокат Өтебеков.

Ал Гүлнәр Сүлейменова онлайн процесте куәгерлерден жауап алынған кезде заңға қайшы әрекеттерге жол берілетінін айтады.

– Заң бойынша куәгер бұған дейін жауап алынған куәгермен қатар сұралмауы керек. Яғни екінші куәгер отырғанда біріншісінен жауап алған дұрыс емес. Ал онлайн отырыста ол жағы ескерілмеген. Адамдар кейде үйден, кейде жұмыстан қосылады. Оның жанында кім барын білмейміз. Бәлкім мүдделі адамдар отырған шығар? Менде мынадай жайт болды. Іс бойынша әйелі мен күйеуі – куәгер. Алдымен әйелімен тілдесіп, сұрақ қойдық. Кейін күйеуін шақыруды сұрадық. Әйелі "күйеуім жанымда" деп камераны оған бере салды. Яғни ол кісі әйелінің айтқанын естіді, кей сұраққа қалай жауап беретінін білді. Қандай сұрақ қойылатынынан хабардар болып отырды, – дейді заңгер.

ЖУРНАЛИСТІ ҚАТЫСТЫРМАУҒА СЫЛТАУ КӨП

Қазақстан сот журналистері лигасы құрылтайшыларының бірі Серікжан Мәулетбай бастапқы кезде онлайн сотқа журналистерді қатыстыру ескерілмегенін, кейін Жоғарғы сотқа шағымданған соң ғана ереже қабылданғанын айтады. Онда журналистер бірнеше күн бұрын кеңсе меңгерушісін ескертуі керек деп жазылған.

Серікжан Мәулетбай.

– Әуелде ауызша ескертсе жеткілікті деп еді. Кейін судья жазбаша өтініш талап етті. Ақыры түрлі сылтаумен процеске қатыстырмай, шығарып жіберген жайттар болды. Әсіресе резонансты істерге қатысу мүмкін емес, – дейді журналист Серікжан Мәулетбай.

Оның сөзінше, жазбаша ескерту жіберсе де, кейде сот кеңсесі журналистерді процесс жайлы ескертпейді. Талай іс БАҚ қатысуынсыз өтіп жатыр дейді ол.

– Талай іс БАҚ қатысуынсыз өтіп жатыр. Қанша рет жаздым, шағымдандым, бірақ реакция болмады. Мысалы, атышулы "Ертаев ісін" алайық. Басында журналистерді кіргізген. Кейін судья "онлайн отырыста журналистерді бақылай алмаймын" деп, процестен тілшілерді шығарып жіберді, – дейді Серікжан Мәулетбай.

Оның пікірінше, карантин процестің ашықтығын жақтыра қоймайтын сот жүйесіне өте ыңғайлы.

– Судья қажет деп тапса, журналистер қатысады, қажет етпесе – қатыса алмайды. Қысқасы, сот карантин шектеуін өз ырқына салып пайдаланып жатқан тәрізді. Онлайн сот процестері заңды тұрғыда реттелмеген. Нақты тәртібі яки алгоритмі жоқ. Сондықтан әркім әрқалай, өз ыңғайына қарай өткізеді, – дейді ол.

СУДЬЯ: ОНЛАЙН ПРОЦЕСС СОТ ӘДІЛДІГІНЕ КЕДЕРГІ ЕМЕС

Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы Сайран Әлімбаева болса онлайн процеске тұрғындар әлі дайын емес деп есептейді. Оның пікірінше, сотқа қатысушылар көбіне жаңа режимдегі отырысқа атүсті қарайды.

– Онлайн процесте адамдар сөйлеу құқығын артық пайдаланғысы келеді. Ешкімге дес бермей, қарсы жақтың сөзін бөліп, ойына келгенін істейді. Ескерту жасаймыз. Болмаса, байланыстан ажыратуға тура келеді, кәдімгі "залдан шығарып жіберу" ғой. Бірде процеске қатысушы темекі тартып, жеңіл жейде мен шорты киіп отырды. "Саяжайдамын" деп түсіндірді. Ол дұрыс емес. Қалай болса да тәртіп сақтап, судьяға бағынуы керек. Талап сондай.

Қазақстан Жоғарғы соты.

Судья Әлімбаева техникалық ақаудан, байланыс сапасыздығынан процесс созылып кеткен жайттар болғанын мойындайды.

– Интернеттің әлсіздігінен байланыс үзіле беретіні рас. Кейде отырысты басқа күнге ауыстыруға тура келеді. Халыққа кінә тағуға болмайды. Байланыстың нашарлығына олар кінәлі емес. Сондықтан "интернеті жақсы жерге барыңыздар, дайындалыңыздар" дейміз. Осындай кезде істі қарау мерзімі ұзарады, – дейді судья.

Сайран Әлімбаева айыпталушымен көзбе-көз кездеспей, тек экранның ар жағынан тілдесу арқылы үкім шығару оңай емесін жасырмайды.

– Виртуалды қосылғандықтан айыпталушыны немесе куәгерді көре алмаймыз. Әлбетте сол сәтте оның көңіл-күйін толық сезіну мүмкін емес. Кейде сот залында көзбе-көз жауап алған кезде адамның мимикасы, көз қарасы, дауыс ырғағына қарап, бәлкім, ашыла алмай тұр ма деген секем болады. Әйткенмен онлайн процесс әділ шешім қабылдауға еш кедергі емес деп ойлаймын, – дейді судья.

СОТ ЖҮЙЕСІНЕ ҚОЛАЙЛЫ РЕЖИМ

Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының директоры Евгений Жовтистың пікірінше, онлайн процестегі басты проблема – тараптар құқығының теңдігін сақтауға тіреледі.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

– Әсіресе айыпталушы мен сотталушы құқығын ескерген жөн. Әрі сот процесіндегі стандарт сақтала ма, жоқ па? Мәселе сонда. Байланыс ажырап, не куәгердің, не сарапшының, кейде судьяның сөзі естілмей жатады. Сондықтан процесс әділ, ашық өтті деуге келмейді. Екіншіден, карантинге байланысты адвокаттар қорғауындағы адаммен кездесе алмай жүр. Эфирде ғана тілдеседі. Ал ол кезде нақты кеңес беру мүмкін емес. Яғни құпиялық сақталмайды. Осының бәрі онлайн процестің ашықтығына күмән келтіреді, – дейді Жовтис.

Құқық қорғаушы пандемияға дейін де сот жүйесіне секеммен қараған қазақстандықтардың қазіргі жағдайда күмәні күшеймесе, азаймағанын айтады.

– Онлайн режимге көшу сот жүйесіне ғана қолайлы. Қоғамнан жабық болып, жариялығы шектеледі. Иә, адам денсаулығын ойлау маңызды. Алайда қазір қоғамдық орындардың көбі ашылды емес пе? Меніңше, санитарлық талаптарды сақтап, соттарды ашуға болар еді. Бірақ қазіргі жағдай сот жүйесіне тиімдірек болып тұр, – дейді ол.

Қазақстанда коронавирус инфекциясына байланысты 16 наурызда жарияланған төтенше жағдай режимі 11 мамырда тоқтатылды. Елде індетке байланысты екі рет – көктемде және жазда карантин жариялап, бірнеше мәрте ұзартқан үкімет тамыздың соңында карантинді жеңілдетті. Әзірге сот органдары жұмысын онлайн режимде жалғастырып жатыр.