АҚШ Жоғарғы сотының жасы ең үлкен судьясы Рут Бейдер Гинзбург 87 жасына шыққанда қатерлі ісік ауруынан қайтыс болды. Гинзбург – АҚШ тарихындағы Жоғарғы сот судьясы атанған екінші әйел. Оны бұл қызметке 1993 жылы елдің сол кездегі президенті Билл Клинтон тағайындаған болатын. Гинзбург әйел құқығы мен гендерлік теңдік үшін күрескен судья ретінде танылған.
Гинзбург жұма, 18 қыркүйек күні кешке Вашингтон қаласындағы (Колумбия округі) үйінде отбасының қасында ұйқы безі ісігінің асқынуынан қайтыс болды.
Рут Бейдер Гинзбург 1933 жылы Нью-Йорк қаласында туған. Ол АҚШ-тың беделді оқу орындары Корнелл, Гарвард және Колумбия университеттерінде білім алған. Оқуын аяқтаған соң ол адвокат ретінде қызмет етіп, әйелдердің құқығын және дискриминацияға тап болған азаматтардың құқықтарын қорғаумен айналысты.
Судьялық карьерасын 1980 жылы бастады. Сол жылы ол Колумбия федералды округының округтық судьясы болып тағайындалды. 1993 жылы АҚШ-тың сол кездегі президенті Билл Клинтон оны Жоғарғы соттың судьясы етіп тағайындады. Кейінгі жылдары ол Жоғарғы соттағы либералдар фракциясының лидері болды.
Гинзбург – АҚШ-тағы ең танымал адамдардың бірі. Ол туралы бірнеше деректі фильм түсірілген. Оның жақтастары арасында демократтар да, республикалықтар да бар.
Ол АҚШ президенті Дональд Трамптың саясатын қолдамады және қайтыс боларының алдында ел президенті ауысқанша қызметінен кетпейтінін мәлімдеген.
Гинзбургтың қайтыс болуы Трампқа оның орнына консерватор судьяны тағайындауға мүмкіндік береді. Бұл Жоғарғы сотта консерваторлардың басым күшке айналуына әкеледі: консерваторларда алты дауыс, либералдарда үш дауыс болмақ.
АҚШ-та Жоғарғы сот судьялары өмір бойына тағайындалады және олар америкалық заңнаманы қалыптастыруды үлкен рөл атқарады. Мәселен, 1973 жылы Жоғарғы сот әйелдердің аборт жасау құқығын, 2015 жылы бірі жынысты некені заңдастырды.