Сенбі, 19 қыркүйек күні Минскіде мыңдаған әйел ел астанасы көшелерімен шерулетіп, президент Александр Лукашенконың отставкаға кетуін талап етті. Полиция шеруді күшпен таратып, жүздеген демонстрантты ұстап әкетті.
Беларусьте Лукашенкоға қарсы наразылық шерулері 9 тамыздағы президент сайлауынан бері тоқтаусыз өтіп келеді. Шерушілер оның сайлауда жеңіске жеткенін сенбейтінін айтады. Қарсылық акцияларының алғашқы күндері полиция ерекше қатыгездік танытып, бейбіт шерушілерді аяусыз ұрып-соғып, жаппай қамады. Құқық қорғау органдарының бұл қатыгездігі билікке деген нарызылықты одан әрі күшейтіп, шерулерге тұрақты түрде жүздеген мың адам шығып отырды. Қамаудан босап шыққан шерушілер полицияның түрмеде азаптағанын, қорлағанын айтып, денесіндегі көгерулерді көрсетті. Оппозиция өкілдері не шетелге шығарылып, не қамалып жатты.
Сенбі күнгі шеруге бірнеше мың қатысып, қара киінген полиция жасағы жүздеген шерушіні ұстап әкетті. Беларусьтегі "Весна" құқық қорғау ұйымы шеру кезінде 300-ден астам адамның ұсталғанын айтты.
Шеруге шыққан әйелдер "Ұмытпаймыз! Кешірмейміз" деп ұрандатып, наразылықтың символына айналған ақ-қызыл жолақты жалаулар мен баннерлерді ұстап жүрді. Өзгелер "Беларусь жасасын" және "Ұят" деген ұрандарды айтты.
Әйелдердің жанынан өткен көлік жүргізушілері оларға қолдау ретінде дабыл қағып өтіп жатты.
Беларусь оппозициясы жетекшілерінің көбі – әйелдер. Олардың қатарында президенттік сайлауға түсіп, артынан елден шығарылған Светлана Тихановская, Координациялық кеңестің қазір қамауда отырған мүшелері Мария Колесникова мен Лилия Власова бар.
Литваны паналап отырған Тихановская шеруге шыққандарды қолдайтын видео мәлімдеме жасап, оларды "Беларусьтің батыл әйелдері" деп атады.
"Олар екінші ай бойы әйелдерді қорқытып, оларға қысым көрсетіп отыр. Осыған қарамастан беларусьтер өздерінің бейбіт қарсылығын жалғастырып, керемет ерік-жігер көрсетіп отыр" деді ол.
19 қыркүйектегі шеру кезінде полиция ұстап әкеткен шерушілердің бірі – 73 жастағы оппозициялық белсенді Нина Багинская. Осы жасында шөбере сүйіп үлгерген Багинская Лукашенкоға қарсы наразылық акциялары кезінде жасының егделігіне қарамастан қайсарлық танытып, қарсылықтың негізгі тұлғаларының біріне айналды.
Минскіде әйелдер шеруі 12 қыркүйек күні де болған. Маска таққан полиция жасақтары ол күні де шерушілерді ұстап әкеткен. Ішкі істер министрлігі ел бойынша шеруге қатысы бар деген 114 адамның ұсталғанын, оның 99-ы ел астанасының үлесінде екенін мәлімдеген.