Ресей денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясына қарсы тағы бір вакцинаны клиникалық сынақтан өткізуге рұқсат берді. Оны Чумаков атындағы федералдық ғылыми зерттеу және иммундық-биологиялық дәрі-дәрмек әзірлеу орталығы жасаған. Бұл туралы РБК сайты хабарлады.
Ресейлік үшінші вакцина жақында Киров, Санкт-Петербург, Новосибирск қалаларында сынақтан өткізіледі. Оған үш мыңнан астам ерікті қатысады. Чумаков орталығының қызметкерлері сынақ "Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен халықаралық реттеуші қауымдастықтардың талаптарына сәйкес келеді және зерттеуді сенімді ғылыми деректермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді" деп мәлімдеді.
Екпе салынғаннан кейін еріктілер 16 күн стационарда жатады, олардың жағдайын дәрігерлер бақылайды. Клиникалық зерттеу қараша айында аяқталады.
Ресейлік Гамалея атындағы орталық әзірлеген коронавирус вакцинасы 11 тамызда ресми түрде тіркелген еді. Ол әлемде алғаш рет тіркелген коронавирус вакцинасы. Бірақ ол сынақтың тек екі кезеңінен ғана өткен, яғни ондаған адамда ғана сыналған.
Қазір Ресейде бұған қоса, мемлекеттік "Вектор" вирусология және биотехнология ғылыми орталығы әзірлеген екінші вакцина да сынақтан өтіп жатыр.
Тағы екі шетелдік вакцинаны (қытайлық Sinopharm және швед-британдық AstraZeneca вакцинасы) тіркеу де жоспарланып отыр.
Америкалық Дьюк университетінің профессоры Мигель Николелис жүргізген зерттеу Денге безгегімен ауырып шыққандарда коронавирусқа қарсы иммунитет болатынын көрсеткен. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Профессор Николелис биыл немесе былтыр Денге безгегі өршіген аймақтарда өзге аймақтармен салыстырғанда коронавирус инфекциясы баяу тарайтынын анықтаған. Ғалымның айтуынша, егер гипотеза дәлелденсе, онда адамдар Денге екпесінің көмегімен коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптастырады.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде 31 миллионнан астам адамнан коронавирус табылған, шамамен 964 мың адам қайтыс болған.