Қазақстанда індет кезінде 12 830 медицина қызметкеріне коронавирус жұққан, 197-і қайтыс болған. Бұл туралы депутат Зәуреш Аманжолованың пленарлық отырыста айтқан сөзіне сүйенген Vlast сайты хабарлады.
"Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 22 қыркүйек күнгі ақпарат бойынша 12 830 медицина қызметкеріне коронавирус жұққан. Еңбек министрлігінің күн сайын таратып жүрген мәліметіне сәйкес, осыған дейін 2 475 –яғни, науқастардың 19 пайызынан ғана өтініш түскен. Ал бірыңғай әлеуметтік төлемді тек 1830 адам немесе 14,3 пайызы ғана алған" деді Аманжолова.
Оның сөзіне қарағанда коронавирустан қайтыс болған 197 дәрігердің отбасынан 38 өтініш түскен, 25-іне төленген. Депутат індетпен күрескен дәрігерлер мен олардың отбасына өтемақыны кешіктіру мәселесін сынап, денсаулық сақтау министрлігі мен еңбек министрлігін бірігіп тиміді жұмыс істей алмады деп айыптаған.
Заңға сәйкес, елде коронавирусты жұмыста жұқтырғаны дәлелденген медицина қызметкерлері ғана өтемақы ала алады. Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі вирус жұқтырған дәрігерлердің көбіне коронавирус отбасы немесе таныстарынан жұққанын айтқан еді. Дегенмен әзірге қанша медицина қызметкерінің өтініші қанағаттандырылмағаны туралы мәлімет жоқ. Ал өтемақы алмағанына шағымданған медицина қызметкерлері көп. Өткен аптада Нұр-Сұлтанда 103 станциясында қызмет ететін кейбір фельдшерлер жұмыста коронавирус жұқса да, өтемақы өтінішіміз қаралмай отыр деп шағымданған еді.
Заң бойынша коронавирус немесе коронавирус пневмониясын жұқтырған медицина қызметкеріне – 2 млн теңге, коронавирустан қайтыс болған медицина қызметкерінің отбасына 10 млн теңге көлемінде өтемақы беріледі.