Қазақстан өлім жазасынан бас тартты. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге тіркелген екінші Факультативтік хаттамаға қол қойған.
Қазақстан 2003 жылдың желтоқсан айында өлім жазасы туралы үкімдерді орындауға мораторий жариялаған еді. Балама жаза ретінде өмірлік бас бостандығынан айыру жазасын қолдану ұсынылған.
Заңгерлердің айтуынша, қолданыстағы Қылмыстық кодексте 10-нан астам қылмыс құрамы ("мемлекетке опасыздық жасау", "террористік қылмыстар", "соғыс уақытында жасалған ауыр қылмыстар" және т.б) бойынша өлім жазасын қолдану қарастырылған.
Елде соңғы рет өлім жазасы 2016 жылы шығарылған. Осыдан шамамен төрт жыл бұрын Алматыда полиция бөлімі мен ҰҚК департаментіне қарулы шабуыл жасалып, салдарынан бірнеше адам қаза тапқан еді. Шабуылға күдікті ретінде 1990 жылы туған, бұған дейін екі рет сотталған деп сипатталған Руслан Күлекбаев ұсталған. Кейінірек Алматы соты оны "теракт жасады" деп танып, өлім жазасына кескен.
Бұған дейін халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстанды өлім жазасынан мүлде бас тартуға шақырып келген болатын.