Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов билікке қарсы бейбіт митингіге шақырған 25 қыркүйек күні Қазақстанның бірер қаласында күзет күшейіп, Нұр-Сұлтан мен Ақтөбеде бірнеше адам ұсталды.
"30 ЖЫЛ ТӨБЕМІЗДЕ ОЙНАДЫҢДАР, ЖЕТЕДІ"
Нұр-Сұлтан қаласында 25 қыркүйек кешкі жетіге таман арнайы жасақ "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы "митинг орны" деп белгілеген жердің маңында кем дегенде төрт адамды күштеп ұстап әкетті.
Қара маска тағып, жүзін жасырған арнайы жасақ сарбаздары "Газель" көлігінен түсе салып, белсене пікір айтып жатқандарды тартқылап көлікке сүйреп апарып салды. Наразылардың бірі "Ұрылардың басқаруына қарсымын! Назарбаев кетсін! Шал кет!" деп айқайлады.
Алдын ала шақырған митингіде Назарбаев режимінің кетуін, қазіргі биліктің отставкасын, саяси тұтқындарды босатуды, кредит амнистиясын талап ету жоспарланған. (Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы наурызда президенттіктен кетсе де билікке ықпал етіп отыр деп саналады).
Your browser doesn’t support HTML5
Митингіге жұртты елде экстремистік деп танылып, қызметіне тыйым салынған, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов шақырған.
Алматыда митинг орны ретінде белгіленген Райымбек батыр ескерткішінің аумағында да таңертеңнен бері күзет күшейді. Кешкісін арнайы жасақ, әкімдік өкілдері, полиция митинг жоспарланған жерге келгендерді өткізбеуге тырысты.
Сол маңда ашына сөйлеген әйелдердің бірі "өмір бойы жұмыс істедім, екінші топ мүгедегімін, бірақ ешқандай жеңілдік алмаймын, шалдар кетсін!" деп айқайлады. Тағы бірі "отыз жыл басымызда ойнадыңдар, жетеді енді" деді. Кейбір тұрғын жердің сатылмауын талап етті, енді бірі індет кезінде халықтың кедейленгенін ашына айтты. Азаттық тілшілері бұл қалада ұсталғандарды байқамады.
Нұр-Сұлтанда және Алматыда наразылық шарасы белгіленген жерде интернет жұмысы баяулап қалды.
Ақтөбеде Азаттық тілшісі арнайы жасақ "митинг өтеді" деп белгіленген жерден кем дегенде екі адамды ұстап әкеткенін көрді.
Шымкенттегі Азаттық тілшісінің хабарлауынша, наразылық шарасы өтеді деп белгіленген қала орталығында кешкісін күзет күшейді. Полицейлер, әкімдік өкілдері көп жүрді.
Полиция мен арнайы жасақ әр қалада күзетті күшейтіп, бейбіт митинг өткізуге мүмкіндік бермеді. Кейін кешкі 9-ға таман Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларында полиция митинг өтеді деген орындарды ашып, көліктердің жүруіне мүмкіндік бере бастады.
Елдің ішкі істер министрлігі 25 қыркүйекте қанша адам ұсталғаны туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Ал Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев Азаттық тілшісі Сәния Тойкенге "[ұсталғандарды] өзім көрмедім, көрмеген соң сізге қалай айтамын. Ал [ұстаса] оларды үйіне немесе полиция бөлімшесіне әкеткен шығар. Ұсталғандарға заңға сай шешім шығарылатынын білесіз. Менің ойымша, шетелде біреу жинал деп отырса, халық та содан шаршаған шығар. Ол кісі бұл халыққа не жақсылық істеді?" деп жауап берді.
Your browser doesn’t support HTML5
Митинг күні Семейде полиция митинг белгіленген жерден Азаттық тілшісі Хадиша Ақаеваны ұстап, кейін босатқан. Тілшінің сөзінше, полиция бөлімшеге апарған соң "қателесіп ұстағандарын" айтып, дереу жіберген. Митингіден хабар таратуға барған Азаттықтың алматылық тілшілерін полиция редакцияға қайтып бара жатқанда жолай аңдып, кеңсеге дейін ілесіп келген. Шымкентте, Ақтөбеде белгісіз адамдар түстен бері Азаттық тілшілерін аңдыған. Нұр-Сұлтанда арнайы жасақ сарбаздары Азаттық камерасын жауып, кедергі келтірді.
МИТИНГ КҮНІ КҮШЕЙГЕН КҮЗЕТ
Митинг өтеді деген күні Алматыда "Көк базар" сауда орны жабылып, Райымбек батыр ескерткішінің маңы шарбақпен қоршалды. Митинг орнына жақын метро станциясы "техникалық себептермен" кешкі 6-дан кейін жабылды. Полиция кешке ары-бері өткен адамдарды тексеріп, ол жаққа тек журналистерді ғана жіберді.
Нұр-Сұлтанда оппозиция "митинг орны" ретінде белгілеген "Жаннұр" сауда орталығының алдында 25 қыркүйек түстен кейін дезинфекция шаралары жүргізіле бастады. Залалсыздандырумен айналысып жүрген адамдар бұл шараны коронавирусқа қарсы күреспен байланыстырды.
Шымкентте күндіз белсенділер ұсталып, "наразылық орнында" интернет істемей қалды. Оралда да митинг алдында белсенді Бауыржан Әліпқалиевті ұстап, бөлімшеге жеткізген. Полиция департаментіндегілер белсенді "куәгер" ретінде шақыртылғанын мәлімдеді. Әліпқалиевтің өзі полиция ҚДТ қозғалысына қатысты сұрақ қойғанын жеткізді. Оралдық бірнеше белсенді осы күні өздерін аңдығанын айтты.
ҚДТ белгілеген бейбіт митингіге бір апта қалғанда елде белсенділерді полицияға шақыру, бірнеше ай бұрын өткен қарсылық шаралары үшін қамауға алу, аңду күшейді. Құқық қорғаушылар биліктің белсенділерді қудалауын митингінің алдын алу деп санайды. Олардың есебінше, 25 қыркүйекке белгіленген наразылық шарасы алдында ондаған белсенді жазаланған.
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстан Конституциясы бейбіт түрде еркін жиналуға кепілдік береді. Бірақ елде "Бейбіт митинг туралы" жаңа заңға сай, жұрт еркін жиналу үшін әкімдікке алдын ала ескерту беруі тиіс. Ескертілмеген митинг заңсыз деп танылып, қатысушылары ұсталады. Адам құқығын қорғайтын ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстанның "Бейбіт митинг туралы заңы" халықаралық стандарттарға сай емес деп сынайды.
Әблязов шақырған митингіге келгендер шараларын өткізе алмай қалады. Митингіге келгендерді күштеп ұстап әкетеді, кейін "бейбіт митинг заңын" бұзды деп айыптап, 10-15 күнге қамайды я ірі көлемде айыппұл салады.
Қазақстан режимі экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовты әртүрлі қылмысқа, соның ішінде "тапсырыспен кісі өлтіруге" қатысы бар деп айыптап, өмір бойына бостандығынан айыру туралы сырттай үкім шығарған. Әблязовты елге экстрадициялауға қанша талпынғанымен, нәтиже шығара алмаған Қазақстан билігі оны өзі басқарған БТА банкінен миллиардтаған қаржы жымқырды деп те айыптайды.
Әблязов бұл айыптаулардың барлығын жоққа шығарады және "саяси астары бар" деп санайды.
Ақпаратты жазуға Азаттық тілшілері Асылхан Мамашұлы, Жаңагүл Жүрсін, Манас Қайыртай, Аян Қалмұрат, Сәния Тойкен, Дилара Иса атсалысты.