Жексенбі, 27 қыркүйек күні таңертең Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжан қарулы күштері Таулы Қарабақтағы елді мекендерге шабуыл жасады деп мәлімдеді. Бұл туралы Пашинянның Facebook-тегі жазбасына сілтей отырып ТАСС агенттігі хабарлады. Армения қорғаныс министрінің баспасөз хатшысы Шушан Степанян Қарабақтағы қақтығыс кезінде Әзербайжан әуе күштерінің екі тікұшағы мен әскери дроны жойылғанын айтты.
Әзербайжан қорғаныс министрлігінің хабарламасына қарағанда, Армения Әзербайжан әскерінің позициясына және сол жердегі елді-мекенге оқ жаудыра бастаған. Министрлік қаза тапқандар мен жараланғандар бар дейді.
Таулы Қарабақ омбудсмені аймақты сабыр сақтап, сақ болуға шақырды. Deutsche Welle тілшісінің мәліметінше, даулы аймақтың тұрғындары жақын маңдағы Шуши қаласын паналаған.
Армения мен Әзербайжан ортасындағы Таулы Қарабақ даулы территория саналады. Екі осы территория үшін бір-біріне қырғи қабақ танытып келеді. 1990 жылдары аймақта ауқымды қарулы қақтығыс болып, 30 мың адам қаза тапқан. 1994 жылы екі ел қақтығысты тоқтату туралы келісім жасады. Бірақ арасында осындай қақтығыстар жиі болып тұрады.
Кейінгі айларда екі елдің қарулы күштері арасындағы қақтығыстар жиіледі. Мәселен, шілдеде екі тарап артиллериялық шабуылмен алмасып, 17 адам қайтыс болды. Олардың көбі екі елдің солдаттары. Бір бейбіт тұрғын мерт болған. Бұл кейінгі төрт жылдағы ең ірі қақтығыс болды.
Әзербайжан президенті шілдедегі қақтығыстан кейін Ресей Арменияға көбірек қару жібере бастады деп мәлімдеді.
Батыс басылымдарының жазуынша, Арменияда әскери базасын ұстап отырған Ресей бұл елді аймақтағы стратегиялық партнері деп қарастырады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Армения мен Әзербайжан бір-бірін атысты тоқтату режимін бұзды деп айыптады