Әзербайжан парламенті жексенбі, 27 қыркүйек күні кезектен тыс отырысында елдің әскери оқиғалар болып жатқан территориясында әскери жағдай енгізу туралы шешім қабылдады.
Бакуде және өзге қалаларда комендант сағаты енгізілді.
Осының алдында әскери жағдай Армения мен өзін республика деп жариялаған Таулы Қарабақта енгізілген. Арменияда сонымен қатар әскерге жарамды азаматтардың мобилизациясы жарияланды. Әзербайжанда мұндай шешім қабылданбады.
Жексенбі күні Армения премьер-министрі Никол Пашинян Таулы Қарабақты тәуелсіз ел ретінде мойындау мәселесін қарастыратынын мәлімдеді. Армения өзін республика жариялаған Таулы Қарабаққа әскери көмек көрсеткенімен, ресми түрде оны тәуелсіз ел деп мойындамаған.
Армения мен Әзербайжан басшылары Никол Пашинян мен Ильхам Әлиев әскери мәлімдеме жасап үлгерді. Әлиев Әзербайжан күштерінің қазіргі операциясы "оккупациядан босатуға" әкелуі тиіс деді. Пашинян "Әзербайжан армян халқына соғыс ашты, Ереван Таулы Қарабақ қауіпсіздігінің кепілгері" деді. Ол сондай-ақ әлемдік қауымдастыққа жүгініп, Түркияны қақтығысқа араласпауға шақыруды сұрады. Мұның алдында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қақтығысты ушықтырды деп Арменияны айыптап, Әзербайжанды қолдайтынын айтты.
Әзербайжан әскерінің шабуылы жексенбі күні таңертең басталды. Әзербайжан әскери басшылығы мұны "контр шабуыл" деп атады. Олардың сөзінше, алдымен Армения әскери күштері оқ жаудырған. Майданнан қайшылыққа толы хабар тарап жатыр, екі тарап қарсыласының көбірек зардап шеккенін мәлімдеп жатыр. Әзірге белгілісі, Таулы Қарабақтағы бірнеше елді мекенге шабуыл жасалған, жергілікті тұрғындар арасында қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Әзербайжан әскерилері бірнеше ауылды бақылауына алғанын айтты, Армения оны жоққа шығарды.
Қарабақтағы жағдайды бейбіт жолмен шешуге араласып отырған елдер қақтығысты тоқтатып, келіссөз бастауға шақырып отыр.
"Ресей, АҚШ және Франция Минск тобындағы әріптестерімен бірге шиеленісті халықаралық құқық негізінде бейбіт әрі ұзақмерзімді реттеуге бейіл екенін растайды" деді Франция сыртқы істер министрлігі.
Мұның алдында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ресей Арменияға қару тасуды күшейтті деп мәлімдеген. Батыс басылымдарының жазуынша, Арменияда әскери базасы бар Ресей бұл елді өзінің осы аймақтағы стратегиялық әріптесі санайды.
Таулы Қарабақ төңірегінде дау Совет Одағы кезінен басталған. Ол кезде тұрғындарының көбі армяндардан тұратын Таулы Қарабақ Әзербайжан ССР-і құрамына кірген. 1988-1994 жылдар аралығында болған соғыс кезінде 30 мың адам қаза тауып, жүздеген мың адам босқынға айналған. Армения әскерінің қолдауына ие болған сепаратистер Таулы Қарабақтың басым бөлігін және Әзербайжанға тиесілі кей аудандарды бақылауына алған. Әзербайжан бұл аймақ оккупацияланған деп санайды. 1994 жылы екі ел арасында қарулы қақтығысты тоқтату және конфликтіні бейбіт жолмен реттеу жөнінде келісім жасалды. Бірақ бұл келісім шиеленісті шешкен жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Нұр-Сұлтан Таулы Қарабақтағы қақтығыстың ушығуына алаңдаушылық білдірдіАрмения мен Әзербайжан арасындағы даулы Таулы Қарабақта тағы да қақтығыс болды