28 қыркүйекте Қазақстанда 10 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталды. Пневмонияның осы түрінен бір адам қайтыс болды. Бір күнде 16 адам жазылып шықты. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандар 32 500 адамға жеткен. 27 073-і жазылған. 351 адам қайтыс болған.
Дүйсенбі күні коронавирус жұққаны ПТР-тестпен расталған науқастар арасында 3 адам қайтыс болған. Наурыз айынан бері 1728 адам көз жұмған.
Қазір коронавирус ауруынан 3 300 емделіп жатыр, 46-ы – бала. Стационарда – 1 906 адам, амбулаторлық жағдайда 1 394 адам емделіп жатыр. 92 адамның жағдайы ауыр, 12 науқастың жағдайы өте ауыр. 21 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.
Елде коронавирус пневмониясы бөлек есептелгенге дейін яғни, 1 тамызға дейін 8 ай ішінде 256 мың адам пневмонияға шалдыққан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,3 есе көп. Оның 35 мыңы маусымда, 152 мыңы шілдеде ауырған. ДСМ мұның ішінде нешеуі коронавирус пневмониясы екенін айтпады. Министрлік бар болғаны 1-8 шілде аралығында пневмония 56,8 мың адамнан анықталғанын, соның 39,7 мыңында коронавирус белгілері болғанын айтты.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирустан қайтыс болғандар 1 миллионнан асқан. Індет басталғалы бері барлығы 33,2 млн адам коронавирус ауруына шалдыққан. 23 млн адам жазылған. Денсаулық сақтау саласы сарапшыларының пікірінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар саны ресми деректен әлдеқайда көп болуы мүмкін, себебі қажетті дәрежеде тест жүргізіліп отырған жоқ және кейбір елдер тарабынан індет ауқымын жасыру талпынысы да байқалған.