АҚШ президенті ретінде екінші мерзімге сайланудан үмітті республикашыл Дональд Трамп және демократтар кандидаты Джо Байден сейсенбі күні алғаш рет сайлауалды дебат өткізді. АҚШ-та президент сайлауы 3 қарашада өтеді. Бұл сайлауға дейін кандидаттардың жоспарлаған үш кездесуінің алғашқысы.
Дебатта негізінен жоғарғы сот мүшесін тағайындау, 200 мыңнан астам адамның өліміне себеп болған коронавирус індеті мен миллиондаған адамның жұмысынан айырылуы, сайлау заңнамасын сақтау және нәсілшілдікке қарсы наразылықтың тоқтамауы сияқты мәселелер талқылануы тиіс болған еді. Алайда бұл тақырыптар дебатта үстірт қамтылды. Пікірталастың алғашқы минутынан бастап қатысушылар бір-біріне қарата жағымсыз сөздер айтып, бір-бірінің сөзін бөліп, ойды аяқтауға мүмкіндік бермеді.
Жоғарғы сот мүшесін тағайындау жоспары жайлы айтқан Трамп бұған президент ретінде толық құқығы бар екенін және бұл сайлаушылардың тілегі екенін де жеткізді. Ал Джо Байден жаңа судьяны президент сайлауында жеңген адам тағайындауы тиіс, себебі ол кандидат сайлаушылардың жоғарғы сотқа мүше ұсыну мандатына ие деді.
Трамп пен Байден коронавируспен күрес шаралары туралы ұзақ айтысты. Байден Трампты індеттің қауіпті екенін біле тұра ертерек қамданбады деп коронавирустан қайтыс болған 200 мыңнан астам адамның өліміне кінәлады. Трамп федералдық билік елді медициналық жабдықтар мен маскамен қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін істеді деді. Пікірталас кезінде Байден індетпен күресу үшін экономикалық "белсенділікті" бәсеңдету қажеттігін айтса, Трамп экономикалық шығын жағына көбірек мән берді.
Жақында The New York Times басылымы жариялаған ақпаратті ілік еткен Джо Байден Трампты табыс салығын төлемеді деп айыптап, сайлауда жеңсе, ауқатты америкалықтарға салықтан жалтаруға мүмкіндік беретін заңнаманы өзгертетінін айтты. Ал Трамп соңғы кезде миллион доллар салық төлегенін айтып, тек заңмен рұқсат етілген табыстары үшін ғана салық төлемегенін айтты.
Трамп Джо Байден вице-президент болып тұрған кезде ұлы Хантер Байденнің бірнеше елмен тиімді келісім-шарт жасасып, байлық жиғанын тілге тиек етті. "Ұлыңыз Қытай, Украина және өзге елдерде байлық жиып алды" деді Трамп. Ол Хантер Байденге тиесілі компанияның Мәскеудің бұрынғы мэрі Юрий Лужковтың әйелінен 3,5 млн доллар алғаны жайлы ақпаратты алға тартты. Ал Байден ұлының заңсыз әрекет жасамағанын айтты.
Сарапшылар эмоцияға беріліп сөйлеу, жеке басқа тиісу, әдетте қоғамдық мінберден айтылмауы тиіс "өтірікші", "сайқымазақ" сияқты эпитет қолдану жағынан бұл дебаттың өзге дебаттардан "асып түскенін" айтады. Есесіне сайлаушылар кандидаттар жайлы ешқандай жаңа ақпарат алмаған.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, қоғамдық пікірге шолу жасаған жалпыұлттық сауалнама қорытындысы бойынша, Джо Байден Дональд Трамптан тұрақты түрде озып келеді. Алайда кейбір шешуші штаттарда нәтиже ауытқып тұрғандықтан нақты қай кандидаттың жеңіске жететіні белгісіз. Reuters алдын ала сайлау кезінде миллионнан астам сайлаушының таңдау жасап қойғанын да жазады.
("Настоящее время" арнасы дебаттан тікелей эфирде хабар таратты. Хабарды көру үшін мына сілтемені басыңыз).