Азаматтық істер жөніндегі Павлодар облысының сот алқасы құқық қорғаушы Елена Семенованың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай, азаматтық істер жөніндегі Павлодар қалалық соты шығарған үкімді өзгеріссіз қалдырды. 3 шілдеде Павлодар соты Алматы облысы Заречный елді мекеніндегі ЕС-164/4 мекемесі әкімшілігінің құқық қорғаушының үстінен түсірген іскерлік беделді қорғау туралы шағымын қанағаттандырған болатын. Сот Семенованың Facebook-та жариялаған жазбасын "шындыққа сәйкес келмейді" деп танып, мекеменің "іскерлік беделіне нұқсан келтірді" деп тапқан болатын. Жазбада Семенова тұтқын Михаил Санинді түрме қызметкерлері ұрып-соқты, денесін жарақаттады деп жазған еді.
Тұтқындардың құқықтарын қорғаумен танылған Елена Семенованы билік соңғы бес жылда бірнеше рет сотпен қудалауға тырысқан. Соңғы бірнеше айда құқық қорғаушының үстінен бір-біріне ұқсас бірнеше шағым түсіп, Семенова жауапкер ретінде сот процестеріне үздіксіз қатысып келеді. Кейбір шағымдар бойынша сотта судья жазалау мекемелерінің өтінішін қанағаттандырған.
Оқи отырыңыз: Құқық қорғаушы тұтқын құқығы бұзылғанын жазды. Түрме басшылығы оны сотқа берді
Былтыр қаңтарда Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Семеноваға шүйлігуді тоқтатуға, оның сотталғандардың құқығын қорғау ісіне кедергі келтірмеуге шақырған.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің әлемдегі адам құқықтары мәселелері жөніндегі биыл жарияланған есебінде Қазақстанда қамаудағылардың құқықтары шектелетіні оларға қатыгездікпен қарайтыны айтылған.