Қырғызстанда парламент сайлауына қатысатын "Республика" партиясы үгіт-насихат кезеңі басталған уақыттан бері кейбір облыстарда партия жақтастарына моральдық-физикалық қысым үдегенін, кейбір аймақта адам өлімі болғанын да хабарлады.
Партия өкілдерінің хабарлауынша, Ош облысы Үзген ауданында 30 қыркүйекте "Республиканы" қолдайтын Ормон уулу Замир пышақ жарақатынан қайтыс болған. Құқық қорғау органдары адам өліміне байланысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
"Біз бұл оқиғаны қажетті дәрежеде тергемей қоя ма деп алаңдаймыз. Оны тұрмыстық сипаттағы қылмыс деп қарастыруы мүмкін. Партия атынан қаза болған адамның отбасына, жақындарына, таныстарына көңіл айтамыз. Оппоненттерге айтарым: адам өмірінен құнды нәрсе жоқ. Парламенттегі мандат бір адамның өміріне де тұрмайды" делінген партия хабарламасында.
Осыдан екі күн бұрын Үзген ауданында төбелес болып, оған қатысқан бір адамның мерт болғаны хабарланған еді. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, екі партияға үгіт-насихат жасағандар төбелесіп қалған.
Ал Ош облысының ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Жениш Аширбаев Азаттық тілшісіне оқиғаның сайлауға қатысы жоғын айтты. Полиция өкілінің сөзіне қарағанда 29 қыркүйекте ішімдік ішіп алған екі адам дауласып, төбелескен. Қалған адамдар оларды ажыратып үлгергенше бірі екіншісіне өткір зат сұғып үлгерген.
"Адам өлімі" бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалған.
"Республика" партиясы бейсенбі күні таратқан мәлімдемесінде бұған қоса, Шу облысында партия штабы жетекшісінің қоқан-лоқыға ұшырағанын, Нарын облысында партияға үгіт-насихат жасаған адамды ұрып кеткенін айтқан.
Партия құқық қорғау органдарынан оқиғаларды жан-жақты әрі объективті зерттеуді шақырып отыр.
Қырғызстанда парламент сайлауы 4 қазанда өтеді. Оған 16 партия қатысады.