Қазақстан билігінің сыншысы, шетелде тұрып жатқан экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің Франциядан саяси баспана алғаны хабарланды.
Бұл ақпаратты алдымен Әблязовтың заңгері Бота Жәрдемәлі 4 қазанда Facebook парақшасында жариялады. Оның жазуынша, Францияның саяси баспана жөніндегі ұлттық соты (CNDA) Әблязовты саяси босқын деп таныған.
"Қазақстан билігінің Франция басшылығына жасаған күшті саяси қысымына, [қазақстандық] режимнің ұйымдастырған халықаралық лоббиіне, лас PR істеріне, қолдан жасалған айыптауларына, манипуляция мен француз соты жүйесіне жасаған қысымына қарамастан іс бітті" деп жазды Жәрдемәлі.
Әблязовтың өзі Азаттыққа Франциядан саяси баспана алғанын растады.
Франциялық Le Monde басылымы да Францияның Әблязовқа саяси босқын мәртебесін бергенін жазды. Басылымның мәліметінше, шешім 29 қыркүйекте шыққан. Le Monde Францияның саяси баспана жөніндегі ұлттық соты "бірнеше ай бойы" Франциялық босқындар ісі бойынша басқармасының апелляциялық шағымын қараған. Бұл басқарма 2018 жылы мамырда Әблязовтың босқын мәртебесін сұраған өтінішін қанағаттандырмаған еді.
Le Monde CNDA шешімімен танысқанын жазды. Басылымның дерегінше, сот Әблязов ісінің "саяси астары" барын, "Қазақстанда саяси қарсыластарды қылмыстық қудалау жиі болатынын", "Қазақстан билігінің сот жүйесіне әсер етпек болғанын" анықтаған.
Азаттық тілшісі бұл ақпарат жайлы толық мәлімет алу үшін Францияның саяси баспана жөніндегі сотына хат жолдады, әзірге жауап келген жоқ.
Қазақстан билігі де әлі бұл ақпаратқа қандай да бір реакция білдірмеді.
Кейінгі жылдары Әблязов өзі құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы атынан Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Алматы және басқа да қалаларында билікке қарсы бейбіт митинг ұйымдастырып келеді. Қазақстан билігі "экстремистік" деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
Он шақты жылдан бері шетелде тұрып жатқан ВТА банктің экс-басшысы Әблязовқа "5 миллиард долларды ұрлады" деп Қазақстан, Ресей және Украина іздеу жариялаған.
2018 жылы қарашада Қазақстан соты Әблязовты "2004 жылы Тұран Әлем банктің басшысы Ержан Тәтішевті өлтірді" деген айыппен сырттай өмір бойына соттаған.
2013 жылы Франция Украинаның талабымен Әблязовты ұстаған. 2014 жылы қаңтарда Франция соты Әблязовты Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 2015 жылы қыркүйекте Франция премьері Мануэль Вальс экстрадициялау туралы бұйрыққа қол қойды. Ал 2016 жылы желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовты Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойып, ол абақтыдан босады.
2017 жылы Қазақстан Әблязовты ақша жымқырды, қылмыстық топ құрды деген айыппен тағы 20 жылға соттаған.
Әблязов бұл айыптардың барлығының "саяси астары бар" деп мойындамайды.
2011 жылы Әблязов Ұлыбританияда саяси баспана алған. Кейін Қазақстанда Әблязовқа қарсы сот басталған тұста, 2014 жылы Ұлыбритания одан саяси босқын статусын қайтарып алған.