Қазақстанда өткен тәулікте 66 адамнан коронавирус анықталды, 98 адам жазылды

Медицина қызметкері коронавирус жұқтырған науқасқа жедел жәрдем көлігінен түсуіне көмектесіп жатыр.

6 қазанда Қазақстанда 66 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бір күнде 98 адам жазылды.

Денсаулық сақтау министрлігінің сәрсенбі күні таңертең таратқан хабарламасындағы ақпарат бойынша, өткен тәулікте Шығыс Қазақстан облысында - 14, Нұр-Сұлтан қаласында 11 адамнан коронавирус анықталған. Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында бірде-бір науқас тіркелмеген.

Елде коронавирус инфекциясын жұқтырғаны ПТР тестімен расталғандардың жалпы саны 108 362 адамға жетті: 103 465-і жазылған, 1749-ы қайтыс болған. Вирус жұқтырғаны расталған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адамның өлімі Covid бойынша ұлттық статистикаға қосылмаған.

Қазақстан үкіметі 1 тамыздан бері ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын вирустық пневмонияның есебін жүргізіп келеді. 5 қазанға дейін 33 615 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды. Оның 27 517-і жазылып шыққан, 361-і қайтыс болған.