Қазақстанда өткен тәулікте 92 адамнан коронавирус анықталды, 139 адам жазылды

Денсаулығына шағымданған науқастармен сөйлесіп жатқан медицина қызметкерлері. Шілде айы, 2020 жыл.

7 қазанда Қазақстанда 92 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды, 139 адам жазылды.

Денсаулық сақтау министрлігінің бейсенбі күні таңертең таратқан хабарламасындағы ақпарат бойынша, өткен тәулікте Шығыс Қазақстан облысында - 19, Алматы қаласында - 10, Солтүстік Қазақстан облысында - 9, Нұр-Сұлтан қаласында 8 адамнан коронавирус анықталған. Қызылорда облысында бірде-бір науқас тіркелмеген.

Елде коронавирус инфекциясын жұқтырғаны ПТР тестімен расталғандардың жалпы саны 108 454 адамға жетті: 103 мыңы жазылған, 1752-і қайтыс болған. Вирус жұқтырғаны расталған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адамның өлімі Covid бойынша ұлттық статистикаға қосылмаған.

Қазақстан үкіметі 1 тамыздан бері ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын вирустық пневмонияның есебін жүргізіп келеді. 6 қазанға дейін 33 877 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды. Оның 27 563-і жазылып шыққан, 361-і қайтыс болған.