14 қазан күні Қазақстанда 110 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталды. Бұл – 30 тамыздан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Тәулік көрсеткіші бойынша Нұр-Сұлтан қаласы кейінгі айларда тұрақты түрде бірінші орыннан табылып жүрген Шығыс Қазақстан облысынан озды.
Тәулік көрсеткіші бойынша, аймақтар бойынша бірінші орында – Нұр-Сұлтан. Қалада бір күнде 18 науқас тіркелді. Солтүстік Қазақстан облысында 14 адамның вирус жұқтырғаны расталды. Ал кейінгі айларда күн сайын бірінші орыннан көрінген Шығыс Қазақстан облысында 12 науқас анықталды. Павлодар облысында 11, Алматы қаласында 10 және Атырау облысында 10 науқас тіркелді. Түркістан және Қызылорда облыстарында әдеттегідей Covid науқасы анықталған жоқ.
Аурудан бір күнде 179 адам жазылып шыққан.
Қазақстанда вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталған адамдар саны 109 094-ке жетті. Оның ішінде 104 525 науқас аурудан айыққан, 1776 адам қайтыс болған. Коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам бұл статистикаға кірмей қалған.
Коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға Covid тестімен расталмаған бірақ белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония дерегі де қосылмай отыр. Үкімет мұндай пневмонияның есебін 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Осы күнге дейін 35 234 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды. Оның 27 978-і жазылып шықты, 373-і қайтыс болды.
Коронавирус пневмониясы науқастары 1 тамызға дейін де анықталған, бірақ оның жалпы санын денсаулық сақтау министрлігі нақтыламады. Министрліктің мәлімдеуінше, 1-8 шілде аралығында 56,8 мың адамнан пневмония анықталса, соның 39,7 мыңында коронавирус белгілері болған. Мұның ешқайсысы коронавирус статистикасына қосылмады.