Франция полициясы Парижге жақын Конфлан-Сен-Онорин қаласындағы мектеп мұғалімінің өлімін теракт ретінде тергеп жатыр. Француз басылымдарының жазуынша, кісі өлтіруші мұғалімнің басын кесіп алған, артынан полиция қолынан қаза тапқан.
Шабуыл жасаған адам Twitter желісінде мұғалім мәйітінің суретін жариялап, кісі өлтіру жауапкершілігін өз мойнына алған. Ол мұғалімді Мұхаммед пайғамбарды қорлады деп айыптаған. Twitter-аккаунт көп ұзамай өшірілді.
Le Monde басылымының ақпаратынша, полиция шабуыл жасаған адамнан жеке құжатын тауып алған. Құжаты бойынша, ол – 18 жастағы ұлты шешен Мәскеу тумасы. Бұл туралы басқа да басылымдар жазды. Бұл дерек ресми түрде әлі расталған жоқ.
Француз басылымдарының хабарлауынша, мұғалім оқушылармен сөз бостандығы ұғымын талқылап жатып мысал ретінде Мұхаммед пайғамдардың баспасөз бетінде жарық көрген карикатурасын көрсеткен.
Оқиға орнына жұма, 16 қазан күні кешке Франция президенті Эммануэль Макрон барды.
- Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын жариялағаны үшін Charlie Hebdo басылымына бірнеше рет шабуыл жасалған. 2015 жылы 7 қаңтарда ағайынды Саид және Шериф Куашилер журналдың кеңсесіне шабуыл жасап, нәтижесінде 12 адам қаза тапты.
- Осы терактіден соң Charlie Hebdo журналы карикатураны бірнеше рет жариялады. Ең кейінгісі 2020 жылдың қыркүйегінде жарық көрді. Сол күндері 2015 жылғы шабуыл бойынша сот басталған. Осыдан кейін журнал кеңсесіне тағы да шабуыл жасалды.
- Charlie Hebdo сондай-ақ Шешенстандағы гейлерді қудалау тақырыбына да карикатуралар жариялаған. Онда Ресей құрамындағы елдің басшысы Рамзан Қадыров бейнеленген.