Жексенбі, 18 қазанда Беларусьте Александр Лукашенко режиміне қарсы кезекті наразылық акциясы өтті. Кемінде 194 адам ұсталды.
Минскіде "Партизандар маршы" атты шеруге ондаған мың адам қатысты. Құқық қорғау орган қызметкерлері мен штаттық киімдегі адамдар қала орталығына қарай жылжыған наразы топты бір-бірлеп ұстап, жылжуына кедергі жасаған. Оларға резеңке оқ атып, түтін құтылар лақтырған.
Минскіден бөлек, Брест, Витебск, Гомель, Дзержинск, Светлогорскіде ұстаулар болған.
Бір апта бұрын Минскідегі оппозиция шеруінде де милиция наразыларды дөрекі күш қолданып, ұстаған еді. 500 адам ұсталған, ондаған адам жарақаттанған. Арнайы жасақ манифестанттарға су шашып, түтін құтылар лақтырып, бұрыш газ бүркіген.
9 тамызда Беларусьте президент сайлауы өткеннен кейін наразылық акциясы тұтанған. Наразылар сайлауда алтыншы рет жеңді деп мәлімдеген орталық сайлау комиссиясының тұжырымымен келіспейді. Әдетте ең ірі наразылық акциялары жексенбі күндері өтіп жүр. Оған 200 мыңға дейін адам қатысады.
Билікті сайлаушылардың дауысын ұрлады деп айыптаған ааразылар Лукашенконың отставкаға кетуін және қайта сайлау өткізуді талап етеді. Наразылықты басу кезінде кемінде 4 адам қаза болған. Алты адам із-түзсіз жоғалған. Зардап шеккендер мен қамалғандардың нақты саны белгісіз. Кейбір мәлімет бойынша, олардың саны мыңға барып жығылады.
Батыс елдері Беларусьтегі президент сайлауының қорытындысын мойындаған жоқ. Ресей сайлаудың заңды өткенін айтып, "жағдай ушығып кетсе, Лукашенкоға көмектесуге" уәде берген. Осыған дейін Лукашенко жасырын инаугурация өткізіп, наразылардың ашу-ызасын қоздырған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Диктаторлық режимге жақпайтын Джин Шарптың әдістері