Қырғызстанда қылмыстық топ жетекшісі Камчыбек Көлбаев ұсталды. Вашингтон осыдан 9 жыл бұрын оны есірткі саудасымен айналысатын әлемдегі ең ірі "наркобарондар тізіміне" енгізген.
Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті 22 қазанда 46 жастағы Көлбаевты "қылмыстық топ ұйымдастыру және қылмыстық топ ісіне араласу" бабы бойынша ұстағанын мәлімдеді.
Осыған дейін әлеуметтік желілерде Көлбаевты Бішкектегі спорт клубтарының бірінде ұстағаны жайлы суреттер тараған.
22 қазанда ол комитеттің бас басқармасына жеткізілген.
2012 жылдың соңында Көлбаев Бішкек өтініші бойынша Біріккен Араб Әмірліктерінен Қырғызстанға экстрадицияланған еді. Бұдан соң "бопсалау" бабымен 5,5 жылға сотталған, алайда түрме жазасы үш жылға дейін қысқарған. Қырғызстан билігі оның себебін түсіндірмеген.
2014 жылы маусым айында Көлбаев мерзімінен ерте түрмеден босап шықты. Қырғыз шенеуніктері оның тергеу изоляторында өткізген әрбір күні түрмеде өткізген екі күнге тең деп мәлімдеді.
Камчыбек Көлбаев ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшісі ретінде ішкі істер министрлігінің есебінде тұр. Ведомство ақпараты бойынша, 2018 жылы Көлбаев жетекшілік еткен қылмыстық топта 424 адам болған.
Осыдан бірнеше жыл бұрын АҚШ мемлекеттік департаменті Көлбаевтың "қаржы механизмі" жайлы ақпарат берген адамға 1 миллион доллар көлемінде сыйақы беретінін хабарлаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қырғыздың жаңа билігі "Райым миллионды" үйқамаққа алды. Матраимовтың ұсталуының астарында не бар?