Польшада Конституциялық трибуналдың абортқа толықтай дерлік тыйым салу туралы шешімінен кейін қарсылық білдіріп жатыр. Наразылық акциялары Варшава, Вроцлав, Познань, Краков және өзге де қалаларда өтіп жатыр. Демонстранттар "Жатырымызды оңшылдарға бермейміз", "Парламент – жүктілік емес, оны алдыртуға болады" деген секілді ұрандармен шыққан. Оңшыл деп билік партиясы "Заң және әділет" меңзеледі.
Қарсылық акциялары 22 қазан күні басталған. Сол күні Польша конституциялық трибуналы құрсақтағы нәрестенің ауыр кемістігіне байланысты түсік тастау туралы ережені конституцияға қайшы деп таныған. Шешімді 13 судьяның 11-і қолдаған.
Варшава полициясы шешім шыққаннан кейінгі наразылық акциясы кезінде жүздеген адамға бұрышты газ қолданып, күш көрсетті. Елдің вице-премьері Ярослав Качиньский үйінің жанында митингшілер мен полиция арасында қақтығыс болды.
Соттың шешімі күшіне енген соң, абортқа тек зорлау және инцест жағдайында, сондай-ақ ананың денсаулығына қауіп төнгенде рұқсат етіледі.
Еуропа кеңесінің адам құқықтары жөніндегі комиссары Дуня Миятович Польшаның абортты заңды түрде жасау негіздерін алып тастауы адам құқығын бұзады деп мәлімдеді.
"Конституциялық соттың бүгінгі шешімі аборттардың жасырын жасалатынын, шамасы келгендердің түсікті шетелге барып жасайтынын, қалғандарына қиындық тудыратынын білдіреді" деді Миятович.
"Әйел құқығы үшін қайғылы күн" деді қосты комиссар.
Польшада жүктілікті тоқтатуға заң қаталдық танытады. Аборт жасатуға ерекше жағдайда ғана рұқсат беріледі, ал жедел контрацепция препараттары рецепт бойынша сатылады. Оңшыл саясаткерлер мен шіркеу аборт жасаған әйелдерге қылмыстық жауапкершілік енгізуге жүйелі түрде талпыныс жасап келеді.
"Заң және әділет" консерватив партиясының жетекшісі Ярослав Качиньский 2016 жылы өлімге душар баланы да туу керек деп мәлімдеген.
"Бала өлімге душар, дене бітімі қатты ауытқыған жағдайдағы ауыр жүктіліктің өзі босанумен аяқталуы тиіс. Баланы шоқындырып, оған ат қойып, одан кейін жерлеуге болады" деді Качиньский сол жылы. Оның бұл мәлімдемесі польшалықтардың наразылығын тудырған.