24 қазан күні Veritas құқық қорғау ұйымының бастамасымен Қазақстанның бірнеше қаласында саяси тұтқындар мен саяси қудалауға душар болған азаматтардың отбасыларына ақшалай қолдау көрсету акциясы өтті. Полиция Алматы мен Ақтөбеде сырттай бақылап тұрды, Нұр-Сұлтанда шараның қатысушыларын ұстап әкетті.
Алматыдағы Арбаттың бойында 20 шақты адам бір-бірінен алыс жүріп мазмұнын Veritas ұйымы әзірлеген шағын плакаттарды ұстап жүрді. "Саяси тұтқындардың отбасына көмектесейік" деген жазуы бар плакатта сотталған немесе үстінен қылмыстық қозғалған белсенділердің аты-жөні жазылып, банк реквизиттері көрсетілген.
Шара қатысушыларының бірі Еркін Сабаншиев "Олар біздің болашағымыз үшін [түрмеде] отыр", "Қазақстанның болашағы бар", "Қазақстан белсенділеріне көмектесейік!" деп ары-бері өткендері акцияға қатысуға шақырып тұрды.
– Бір-бірімізге көмектесу – біздің азаматтық парызымыз. Жыл сайын елден кемі 30 мың адам кетеді. Мен біздің білімді азаматтарымыздың өзге елдерге көшкенін қаламаймын. Олардың осында қалғанын қалаймын. Солар үшін күрескенімізді қалаймын. Ақшалай болмаса да, рухани қолдау көрсетсек деймін, – дейді Сабаншиев.
"Асар" акциясы 24 және 25 қазан күндеріне белгіленіп. Ұйымдастырушылар шараның өтетін жері ретінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Ақтау, Ақтөбе және Семей қалаларындағы мекенжайларды атады.
Ақтөбеде Veritas бастамасын Qaharman қорының құқық қорғаушылары Дана Жанай мен Алтынай Түксікова қолдап шықты. Олар қаладағы орталық стадионның алдына келіп, қайырымдылық акциясын өткізді. Құқық қорғаушылар стадион алдындағы алаңға жергілікті белсенділердің балалары салған суреттерді алып шықты. Айтуынша, суреттерді сатып, одан түскен қаржыны белсенділердің отбасына аудармақ.
– Қазақстанда саяси көзқарасына байланысты қуғын-сүргін көріп, үстінен қылмыстық іс қозғалған 50 шақты адам бар. Олардың бірқатары үйқамақта, енді біреулері тергеу изоляторында отыр. Мысалы, түркістандық Марат Дүйсембиевтің 10 баласы бар. Отбасының жалғыз асыраушысы Марат Дүйсембиев қазір тергеу изоляторында. Бала-шағасы қаржылай қолдауға мұқтаж. Бүгінгі акция арқылы осындай азаматтарды қолдағымыз келеді, – дейді құқық қорғаушы Алтынай Түксікова.
Ақтөбеде акция өткен уақытта жаңбыр жауып тұрды және сурет сатып алған адам болмады. Құқық қорғаушыларды қарапайым киінген адамдар видеоға түсіріп, сырттай бақылап тұрды. Дана Жанай мен Алтынай Түксікова бұл акцияны әр сенбі-жексенбі сайын өткізбек.
Нұр-Сұлтан қаласында "Асар" акциясы Кенесары хан кесенесі жанында өтті. Шара қатысуға келген оншақты адам қолдан жасалған бұйымдарын әкеліп, сатуға қойды. Олар саяси белсенділердің суреттері және банк реквизиттері бейнеленген плакаттарды ұстап, саяси белсенділерге қолдау білдіруге шақырып тұрды.
Оларға өзін Ернар Мырзаханов деп таныстырған әкімдік өкілі келіп, шараны бейбіт жиын туралы заңға қайшы деп атап, тарауды сұрады. Артынан полиция жасақтары келіп акция қатысушыларын ұстап әкетті.
Нұр-Сұлтанда полиция оқиға орнынан хабар таратқан Азаттық тілшісіне жұмысын жасауға кедергі жасады.