АҚШ Ресей әрекетін тежеу үшін Еуропада дыбыстан да жылдам орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарын орнатуға дайын екенін мәлімдеді. АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Роберт О'Брайеннің айтуынша, Вашингтон Қытайға төтеп беру мақсатында Үнді-Тынық мұхиты аймағында да осыған ұқсас шара қолдануға әзір.
Осыған дейін Пентагон АҚШ-тың дыбыстан да жылдам қанатты зымыран әзірлеп жатқанын хабарлаған, оларды әскери-теңіз күштерінің палубалы ұшақтарынан да іске қосуға болады. Зымырандар 2028 жылға таман Еуропаға жеткізілуі мүмкін.
Жақында Ресей президенті Владимир Путин 9М729 зымыранын елдің Еуропа бөлігінде орналастырудан бас тартуға әзір екенін мәлімдеген. АҚШ пен одақтастары бұл зымыран параметрлері АҚШ пен Ресей қол қойған орта және қысқа қашықтықтағы зымыран туралы келісім шарттарына қайшы деп санайды. Бұл құжатқа тараптар 1987 жылы қол қойған. Олар орта және қысқа қашықтықта ұшатын зымыран жүйелерін жоюға келіскен. Былтыр АҚШ ресейлік 9М729 зымыранына байланысты осы келісімнен шыққан.
Екі ел арасында ядролық қару бойынша ірі келісім соңғы рет 2010 жылы жасалған. Стратегиялық шабуыл қаруларын шектеу туралы келісімнің мерзімі келесі жылы ақпан айында аяқталады. Дональд Трамп әкімшілігі бұл келісімге Қытай да қосылуы тиіс деген. Ал Ресей тарабы мұнымен келіспейді.
АҚШ президентінің қаруды бақылау жөніндегі арнайы уәкілі Маршалл Биллингслидің хабарлауынша, Вашингтон президент сайлауы алдында бұл шарт орындалмаса да келісім мерзімін ұзартуға дайын. Биллингслидің айтуынша, тараптар келісімнің маңызды тұстары бойынша ортақ мәмілеге келген. Дегенмен Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков Мәскеу Вашингтон ұсынысын қабылдай алмайды деп отыр.