Бүгін, 31 қазан күні Алматы қаласында Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдында билік мақұлдаған митинг өтті. Митингіні Liberty қорының президенті Ғалым Ағелеуов пен "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі Бақытжан Төреғожина ұйымдастырды.
Алматы әкімдігі митинг өткізуді 12 қазан күні мақұлдады. Оған дейін әкімдік ұйымдастырушылардың екі өтінішін қанағаттандырмаған. Алматы қаласының әкімдігі құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуовке митингіге рұқсат берген. Ал Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Семей, Петропавл, Нұр-Сұлтан қалаларында жергілікті билік белсенділердің митинг өткізуіне рұқсат бермеген.
Митинг басында Ғалым Ағелеуов адамдардың көкейдегі мәселелерді билікке жеткізу үшін келгенін айтып, жиынның жоспарымен және регламентімен таныстырды. Ағелеуовтың айтуынша, әрбір спикерге бес минутқа дейін беріледі, жиын үш блоктан тұрады: саяси реформалар мен ұсыныстар, репрессиялар мен саяси тұтқындар және резолюцияның қабылдануы. Ары қарай сөз сөйлеймін дегендерге мүмкіндік беріледі.
Осыдан соң микрофон кіріспе сөз үшін митинг ұйымдастырушылардың бірі Бақыт Төреғожинаға берілді.
- Қазір Қазақстанға саяси реформа қажет. Біздің елімізге өзгерістер қажет. Оны әрқайсысымыз да түсінеміз. Біздің мемлекет өз азаматтарын саяси себептермен қудалайды. Төрт белсенді – Дулат Ағаділ, Аманбике Мейірбекова, Серік Оразов, Ғарифолла Ембергенов қаза болды. Бүгінде Қазақстанда 14 саяси тұтқын бар. 202-ден астам адам саяси себептер бойынша жауапқа тартылып, қудаланып жатыр. 202 белсенді, 202 батыр, 202 халық қаһарманы, – деді Төреғожина.
Құқық қорғаушы одан ары саяси тұтқын саналған азаматтардың аты-жөнін атады.
Оппозиция белсендісі Ермұрат Бапи митинг қарсаңында белсенділердің қудалауға тап болғанын сөз етті.
"Кеше ғана болған астанадағы белсенділердің үйін тінту, белсенділерді қудалау – биліктің біздің "реформа керек" деген талабымызға жауабы. Бізде бәрі - құқығымыз, сайлау құқығымыз, жеріміздің асты мен үстіндегі байлығы тоналды. Біз реформаны елдегі қауіпсіздік кеңесін толық өзгертіп қана жасай аламыз. Реформаны, азаттықты, бостандықты, тәуелсіз әрекетті талап еткен халықты қудалайды, қамайды. Біз митингілермен ғана өзгерте аламыз" деді Бапи.
Митингіде экономист Айман Тұрсынхан да сөз сөйлеп: "Мен саясаткер емеспін, мен жағдайды бақылап, нақты реформалар ұсынатын адаммын. Жер тура бір жарым айдан кейін сатылады. Шаруалар жерсіз қалады. Жер неге сатылды? Өйткені мемлекет толық дефолтта. Біз заң жүзінде жүйені өзгерте алмаймыз. Оған мен де тырысып көрдім. Сондықтан баршаңызды алдағы сайлауда бақылаушы болуға шақырамын!" деді.
Оралдық журналист Лұқпан Ахмедьяров митингіде аты аталған саяси тұтқындарға жаны ашитынын айтты.
"Осындай әділетсіз жүйенің қысымына ұшырап, олардың жапа шегіп жатқандары өкінішті. Тұтқындар қандай да бір қылмыс істеп емес, өз ойларын ашық айтқандары үшін кінәлі болып шықты. Қазіргі билік режимінің ең үлкен қылмысы осы. Қазір билікте отырғандар, Нұрсұлтан Назарбаев болсын, басқасы болсын саяси тұтқындар үшін заң алдында жауап береді деп сенемін. Қазақстанның азат ел болуы үшін, жұрттың бәрі заң алдында тең болатындай елге айналамыз деп сенемін!" деді Ахмедьяров.
ЖСДП партиясының өкілі, экономист Айдар Әлібаев: "Саяси реформа жасалмаса, ел әрі қарай жылжымайды. Әкімдерді, парламентті халық таңдамайды. ЖСДП партиясы алдағы сайлауға бәріңізді қатысуға шақырамыз. Бойкот жариялаудың керегі жоқ, сайлауға қатысып, таңдауларыңызды жасаңыздар!" деді.
Үлескерлердің құқығын қорғап жүрген нұр-сұлтандық белсенді Қанағат Тәкеева "реформа талап еткеніміз үшін, біз де билік тарапынан қысымға ұшырап жатырмыз, біз сөз бостандығын қалаймыз, биліктің халыққа берілгенін қалаймыз! Біз бүгін аз ғана адам жиналдық, бірақ келесі жолы тағы келеміз!" деп айтты.
Құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова: "Назарбаев билігінің кесірінен шындықты жазған талай мықты азматтарымыздан айырылдық. Алтынбек Сәрсенбайұлы, Заманбек Нұрқаділов. Белгісіз жағдайда Асқат Шәрібжанов, Сәкен Таужанов деген ең алғашқы тәуелсіз интернет журналист қайтыс болған. Өз пікірін білдіргені үшін, қысым жасау жалғасуда. Кеше жанымызда жүрген Дулат Ағаділді үйінен алып кетіп, полиция қызметкерлері тергеу абақтасында өлтірді. Ол да сол күйі тергелмей, іс аяқсыз қалды. Бұл қашанға дейін жалғасады? Қазір қамауда отырған Макс Боқаев, Кенжебек Әбішев, Алмат Жұғаұлов, Санавар Закирова . Бұлардың бар жазығы - шындықты айтты. Сондықтан саяси реформа қажет! Сонда ғана қудалау тоқтайды" деді.
31 қазанға жоспарланған митинг қарсаңында Нұр-Сұлтанда полиция кейбір белсенділердің үйін тінтіп, кем дегенде екі белсендіні "рұқсат етілмеген митингіге шақырды" деп 10-15 тәулікке қамады.
Қазақстанда жұрт бейбіт митингіге шығу үшін жергілікті билікке алдын ала ескертуі керек я рұқсат алуы тиіс. Ескертілмеген митингінің бәрі заңсыз деп танылып, қатысушылары ұсталып жазаланады.
Биыл елде коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде билік жаңа Бейбіт туралы заң қабылдаған. Құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар Бейбіт митинг туралы жаңа заңда шектеулер мен жазалау сақталып қалды деп сынайды. Жаңа заңға сай, митингіге шығатындар билікке алдын ала ескерту керек және митингіні билік белгілеген жерде ғана өткізе алады. Қалаған жерінде, қалаған уақытында бейбіт наразылық өткізуге тыйым салынған. Бұл ережені бұзған ұйымдастырушылар мен қатысушыларға айыппұл салынады я қамалады. Шетелдіктер, босқындар, азаматтығы жоқ адамдар наразылыққа шыға алмайды.