Женевада орналасқан БҰҰ Адам құқығы жөніндегі кеңесі Беларусь билігінің "адам құқығын қорғау бойынша атқарған істерін" құптады. 2 қарашада Беларусь делегациясы кеңес мүшелеріне Беларустағы адам құқығы бойынша атқарылған шаруалар жайлы периодикалық есебін таныстырған. Кеңеске мүше елдердің барлығы бес жыл сайын осындай есеп беріп отыруға міндетті.
Талқылау кезінде UN Watch үкіметтік емес құқық қорғау ұйымы баяндама жасады. 1993 жылы құрылған ұйым БҰҰ шешімдерінің Жарғыға сәйкестігін, тиімділігін тексереді.
UN Watch мәліметінше, Адам құқығы жөніндегі кеңеске мүше 92 елдің 51-і (55 пайызы) Беларустың "адам құқығы саласында жеткен жетістіктерін" қолдаған.
Лукашенко режимінің әрекетін қолдағандар арасында репрессивті режимдерді үнемі демеп, қолдап отыратын 36 мемлекет бар. Бұған қоса, 15 мемлекет Беларусь билігінің кейбір жетістіктеріне оң баға беруге болады деп санаған.
"Лукашенко режимі президент сайлауының ресми қорытындысымен келіспейтін азаматтардың наразылығын күшпен басып, көшеде әйелдерді ұрып-соғып, оппозиция жетекшілерін түрмеге қамап, елден кетіруге мәжбүрлеп отырған шақта БҰҰ-ның негізгі құқық қорғау органы қанаушыларды өтірік мақтайтын форумға айналмауы тиіс" деді UN Watch тәуелсіз құқық қорғау ұйымының атқарушы директоры Хилель Нойер.
Дегенмен ол 41 мемлекеттің қысқа сөйлеп шығу құқығын пайдаланып, Беларустағы адам құқығы жағдайына шынайы баға беруін құптады.