АҚШ-тағы сайлау: демократтар мен республикашылдар конгрестегі орындарға таласып жатыр

Капитолий ғимараты.

АҚШ-та 3 қараша күнгі сайлау аясында сайлаушылар өкілдер палатасындағы 435 орын мен сенаттағы 100 орынның 35-ін кім иеленетінін де анықтайды.

Алдын ала есеп бойынша, Колорадода Дэнвердің бұрынғы мэрі, демократ Джон Хикенлупер қарсыласы республикашыл Кори Гарднерді жеңген. Алабамада бұрынғы футбол тренері Томми Тубервиль демократ-сенатор Даг Джонстан озып, республикашылдардың сенаттан орын алуына жағдай жасаған.

Конгрестің қос палатасын бақылау президенттіктен үміткер кез келген кандидат үшін маңызды. Ол президент қызметіне кіріскеннен кейін күн тәртібіндегі мәселелерді алға тартып, жүзеге асыруда шешуші рөл атқарады.

Соңғы екі жылда Трамптың екі жаққа жарылған конгреспен жұмыс істеуіне тура келген. 2018 жылғы аралық сайлаудан кейін өкілдер палатасындағы орындардың басым бөлігіне - демократтар, сенаттағы орындардың көбіне республикашылдар жайғасқан.

Өкілдер палатасын сайлау 2 жыл сайын өтіп тұрады. Америка ақпарат құралдары осыған дейін конгрестің төменгі палатасын демократтар бақылауға алады деп болжам жасаған.