ЕҚЫҰ Минскіні халықаралық стандартқа сай президент сайлауын өткізуге шақырды

ЕҚЫҰ-ның Венадағы кеңсесі.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Беларусь билігін халықаралық стандартқа сай қайта сайлау өткізуге шақырды. Ұйым есебінде 9 тамызда өткен президент сайлауының нәтижесін жоюды ұсынған. Оның ресми қорытындысы бойынша, Александр Лукашенко жеңімпаз танылған.

Есеп авторлары сонымен бірге сайлау процесі кезінде белорус билігінің заңнаманы бұзғанына назар аударып, адам құқығын таптау фактілерін айыптаған.

ЕҚЫҰ есебі құрамына АҚШ, Франция, Ұлыбритания кірген 17 мемлекеттің өтініші бойынша әзірленген. Құжатта 700 шақты дәлел, айғақ келтіріледі. Осыған дейін Минск құжатты әзірлеуге атсалысудан бас тартқан.

9 тамыз күнгі президент сайлауынан кейін Минск мен елдің өзге қалаларында наразылық акциялары басталған. Оған қатысушылар Лукашенко отставкасы мен қайтадан сайлау өткізуді талап еткен, билікті сайлау қорытындысын бұрмалады, бейбіт шеруге шыққандарға дөрекі күш қолданып, ұрып-соқты деп айыптаған.

Наразылықты күшпен басу кезінде кемінде төрт адам қаза болған, 6 адам із-түзсіз жоғалған. Зардап шеккендер мен қамалғандардың нақты саны әлі күнге дейін белгісіз. Бірақ олардың саны мыңға барып жығылады. Батыс елдері Лукашенконы елдің заңды президенті деп танудан бас тартқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Лукашенко режимі құлауға жақын ба? Беларусьте не болып жатыр? Түсіндіреміз